Ресми

Отанға адалдық

Ұлт тағдырын шешетін Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысы биыл тарихи өлке – Атырау облысында өтті. Қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалатын жиында халыққа танымал, беделді тұлғалар ой-пікірлерімен бөлісіп, шешу жолдарын тауып, ортақ байламға келеді. Екі күнге созылған құрылтайда әр өңірден келген Құрылтай мүшелері еліміздің даму бағытын айқындайтын өзекті мәселелерді талқылады.

Сурет: khabar.kz сайтынан

Жалпы, «Халық сайлаған Парламент те елдің үнін жеткізеді, Құрылтайдың қажеті қанша?» деген сауал тууы – заңды. Белгілі бір салада сарапшы деңгейіне көтерілген тұлғалардың барлығы бірдей Парламентке баруды көздемейді. Президент сондай-ақ, министрлер мен әкімдерді де үнемі қабылдайды, дегенмен, әкімдердің өз шындығы бар.

Содан болар, Президент ел ішіндегі жағдайды Ұлттық құрылтай мүшелерінің аузынан естуді құп көреді. Ұлттық құрылтай – елдің үнін Президентке тікелей жеткізетін алаң.

Ел ішінде жүрген азаматтар өңірдегі мәселелерді Мемлекет басшысына өздері баяндайды. Ал, құрылтайда көтерілген мәселелер міндетті түрде назарға алынады. Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі – осында.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Өнер, мәдениет, руханият» секциясын Аида Балаева, Азаматтық қоғам секция­сын Президенттің көмекшісі Руслан Желдібай жүргізді. «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясын Тамара Дүйсенова, «Білім мен ғылым» секциясына Нұрбек Саясат жетекшілік етті.

Алқалы жиында көтерілген әр мәселе назардан тыс қалмайтыны анық. Құрылтайдың бастап­қы жұмыс отырысында сауал жолдаған едім. Атап айтқанда, қаңтарда өткен құрылтайдың жұмыс отырысында вице-премьер Тамара Дүйсеноваға жеті түрлі ұсыныс жолдаған болатынмын. Құрылтайдың ІІІ отырысында сол ұсыныстарымызға жауап берді. Оның бірі – есірткіге қатысты. Бүгінде 17-20 жастағы балалар 1 грамм есірткі таратқаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуда. Оларды аптасына шамамен 200 мың теңге көлемінде қаржы табу қызықтыр­ған. Ал, жаза тағайындалғанда баланың алданғаны есепке алынбайды. Ұсталса – жаза қатаң.

Сол себепті ата-аналар баласының немен айналысатынын, қаржыны қалай табатынын бақылағаны жөн. Себебі, жас баланы алдап көндіру, мол қаржымен қызықтыру оңай. «Закладчиктер» ұсталғанымен, шортандар құтылып кетіп жатады. Барлық жауапкершілік қылмыс үстінде ұсталған адамға жүктеледі.

Одан бөлек, Ұлттық құрылтайда танымал адвокат Айман Умарова осы мәселені Президентке баяндады.

Айман Мұратқызы кезінде тергеуші болған, бүгінде зорлыққа ұшыраған балалар мен әйелдерді қорғайтын адвокат. Ол осы санаттағы 40-тан аса іске қорғаушы ретінде қатысқан. Адвокат Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен «One-Stop-Service» атты жобаны жүргізіп отыр. Ол зорлыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға көмек көрсетеді. Құрылтай барысында ол түрме реформасы қажет екенін айтып, «Қылмыстық-атқару кодексі халықаралық нормалар мен біздегі жағдайды ескере отырып өзгертілуге тиіс» деп мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Айман Мұратқызының ұсыныстарын мұқият түртіп алғанын көрдік. Өз сөзінде Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарға бірнеше рет тоқталып, Үкіметке тапсырма берді.

Соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр. «Төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін» ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, әйгілі тұлғалар сыйлығын алуды армандайтын Альфред Нобельдің бауыры Атырауда кеңсе ашып, мұнай компаниясының негізін қалаған. Досор ауылында Нобель 1911 жылы тұрған үй әлі күнге адамдар тұруға жарамды.

Әйгілі Альфред Нобель көз жұмарда өзі тапқан пайданың бір бөлігін ғылымға жұмсауды өсиет етеді. Оған швед корольдігі қарсы болғанына қарамастан, Альфредтің немере інісі Эммануил өсиетті орындап, Нобельдің барлық қаражатын қорға аударады. Осылайша әйгілі қор қаражаты жасақталған. Кейін Эммануил Нобельдер құрған компанияға басшы болады.

Сол Эммануил 1911 жылы Гурьев қаласында «Ағайынды Нобельдер» кеңсесін ашып, «Ембі» акционерлік қоғамын құрады. Ал, Нобельдердің Қазақстан мұнайына заңды келген күні – 12.05.1912. Ағайынды Нобельдер бұл өңірдегі мұнайдың 37-39%-ын өндірген, 42 ұңғымасы болған.

Яғни, адамзаттың игілігіне жұмсалып жатқан Нобель сыйлығында қазақ мұнайынан да түскен үлес бар!

1911 жылы Нобель тұрған үй әлі күнге тұруға жарамды, жеке адамның иелігінде. Мәдени мұра ретінде қорғауға алынбаған. Бұл елдімекенде өткен ғасырда салынған жүзден аса үй бар. Барлығында адамдар тұрып жатыр.

Нобельдің қазіргі ұрпақтары мұнай қазған бабалары тұрған үйдің әлі күнге аман екендігін білмейтін де болар. Оларға хабарласса, осы үйді жәдігер ретінде қамқорлыққа алар еді.

Сайып келгенде, Ұлттық құрылтай дәл қазір қажетті, тиімді құрал. Елдің тамырын басып, үні болуға лайықты ұсыныс­тар айтылды. Қоғамның дамуына үлес қосатын болса, Ұлттық құрылтай өз функциясын тиімді атқарғаны.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
облыстық мәслихат депутаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button