Қарағандыда қосымша білімге кедергі жоқ
Бүгінде елімізде балаларға қосымша білім беруді қолжетімді әрі ашық етуге бағытталған бірнеше жоба жүзеге асып келеді. Соның бірі – бюджет қаржысын тиімді жұмсауға негізделген бірыңғай мемлекеттік тапсырыс. Қолдаудың бұл жаңаша тәсілі балалардың спортпен шұғылдануына, шығармашылығын шыңдауына сеп. Осыған орай, өңірде пилоттық жобаның іске асу барысымен жақынырақ танысып қайттық.

Жоба Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Цифрлық даму, сондай-ақ, Оқу-ағарту министрліктерінің биылғы мамырдағы бірлескен бұйрығына сәйкес енгізілген. Бұл жүйенің аясында бұрынғыдай қағазбастылықты азайтып, үйірмелерді онлайн форматта таңдауға, ал, балаларды нақты қызығушылығы бойынша бейімдеуге мүмкіндік жасап отыр. Бірыңғай мемлекеттік тапсырыс тетігінің басты ерекшелігі – баланың қызығушылығы мен таңдауы алдыңғы орынға шығады. Әр балаға бір ваучер беріледі және ата-ана сол ваучер арқылы үйірмені өз қалауына қарай таңдай алады. Барлық тіркеу мен қабылдау үдерісі онлайн платформа арқылы жүзеге асырылады.
– Мемлекеттік тапсырыс бөлімі биыл ашылды. Талапқа сәйкес әр балаға кемінде 2,5 шаршы метр жер телімі қарастырылған. Үйірмелердегі топ саны мен сағат көлемі нақты бекітілген. Бір топта 8-ден 16 балаға дейін қабылданады. Егер топ толса, бала басқа топқа ауыстырылады немесе ата-ана баласының қалауы бойынша үйірмені өзгерте алады. Құжат қабылдау да белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін платформада арнайы санат қарастырылған, – деді «Сарыарқа дарыны» қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы басшысының орынбасары Айгүл Хамзеқызы.
Бұл жоба ата-аналарға да, қызмет көрсетуші ұйымдарға да бірдей қолайлы. Жүйенің ашықтығы мен цифрландырылуы балаларды қамтуды арттырып, қосымша білім беру саласындағы қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

«Спорт және мәдениет лигаларының корпорациясы» қоғамдық бірлестігі де бірыңғай мемлекеттік тапсырыс аясында балаларға спорт бойынша қызмет көрсетіп келеді. Мұнда спорттық гимнастика мен жүзу секциялары жұмыс істейді. Қазіргі таңда аталған бағыттарда 322 бала бар.
– Біз мемлекеттік тапсырыс аясында 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қазір бұл жүйе бірыңғай платформаға көшіп, нормативтік талаптар да жаңарды. Енді әр балаға бір ваучер беріледі және ол мүмкіндікті 4 жастан бастап пайдалануға болады. Біздің орталықта балалар 5 жастан 18 жасқа дейін тегін спортпен шұғылдана алады, – дейді ұйым басшысы Парвиз Мамедов.
Мұнда спорттың 16-ға жуық түрі қамтылған. Олардың қатарында жүзу, гимнастика, футбол, футзал, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, үлкен теннис, таэквондо, дзюдо секілді бірнеше бағыттар бар. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балалармен де жүйелі жұмыс жүргізіледі.
«Ваучерлік жүйе енгізілген соң балалар саны күрт артты. Әйткенмен, іріктеу жұмыстарын да жіті жүргіземіз. Саннан гөрі сапа маңызды. Кейбір балалар бір-екі рет келіп, ықыласы болмаса, қояды. Бірақ, олардың орнын ниетті балалар басады. Біздің мүмкіндігіміз жеткілікті, сұраныс артса, тағы да қабылдауға әзірміз», – деді ұйым басшысы.
Бірыңғай мемлекеттік тапсырыс аясында табысты жұмыс істеп отырған келесі бір нысан – «Несіпбаева» жеке кәсіпкерлігі. Мұнда да балаларға арналған шығармашылық және білім беру бағытындағы үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда, бейнелеу өнері, мүсіндеу, домбыра, компьютерлік графика, анимация және мультипликация сабақтары өтеді.
– Бүгінде біздің үйірмелерге 450-ге жуық бала тұрақты түрде қатысады. Біздің шығармашылық ұйымның ерекшелігі де сол, біз көркемдік-эстетикалық бағытта жұмыс істейміз. Балалар сурет салады, мүсіндейді, ұлттық аспапта ойнауды үйренеді, сонымен қатар, заманауи цифрлық бағыт – компьютерлік графика мен анимацияға да ден қойып отыр. Жас ерекшелігі де ескеріледі. Бейнелеу мен мүсіндеу – 4 жастан, домбыра – 6 жастан, ал, компьютерлік графика 10 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған, – дейді кәсіпкер Юлия Несіпбаева.
Бірыңғай мемлекеттік тапсырысқа көшу ұйым жұмысына айтарлықтай өзгеріс әкелген. Құжат айналымы жеңілдеп, цифрлық платформа арқылы есеп жүргізу бір ізге түсті.
«Қазір ваучер беру үдерісі жүріп жатыр. Кейде сайтта техникалық кідірістер болады, бірақ, қолдау қызметі арқылы мәселелер жедел шешіледі. Жалпы алғанда, жаңа платформа функционалдық жағынан әлдеқайда ыңғайлы. Табельдер автоматты түрде толтырылады, бұл біздің әкімшілік жұмысымызды жеңілдетті. Ата-аналар үшін де ыңғайлы әрі ашық жүйе қалыптасты», – дейді ол.
Мекеме басшысы мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік маңызын да атап өтті. Қазіргі таңда орталықта 300-ге жуық бала кезекте тұр. Егер қаржыландыру көлемі артса, тағы да көп баланы қамтуға дайын.
Ата-аналар да жаңа жүйенің тиімділігін сезініп отыр. Қызын бірнеше жылдан бері аталған орталыққа қатыстырып жүрген қала тұрғыны Светлана Куроедова мемлекеттік тапсырыстың қолжетімді екенін айтады.
– Қызым Алиса төртінші жыл қатарынан осы орталықта шығармашылығын дамытып келеді. Бұрын «Арт спорт» бағдарламасы арқылы тіркелген едік, кейін жаңа жүйеге ауыстық. Ваучер алу, платформаға тіркелу жолдарын мамандар егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Ешқандай қиындық болған жоқ, – дейді ата-ана.
Бала қызығушылығы мен мүмкіндігін алдыңғы орынға қойған бірыңғай мемлекеттік тапсырыс – заман талабына сай жүйе. Ендігіде бала бағбандарына қосымша білім беру бұрынғыдай қолжетімсіз емес, нақты әрі ашық мемлекеттік қолдауға айналды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



