Жаңалықтар

Осы жұрт рекордшыны біле ме екен?

Қарағандының даңқын дүйім дүниеге паш еткен кенші еңбегі ешқашан елдің есінен шықпақ емес. Сондықтан да, көз алдымызға Қарағанды дегенде, көмір, көмір дегенде кенші келеді. Кенші мен көмір қалай егіз ұғымға айналса, Қарағанды мен кенші де сондай біртұтас. Бұл күнде Қарағандыда мыңдаған кенші кенжарда маңдай терін шелектеп төгіп жүр.

Мәселен, ERG құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» АҚ-да үш мыңға жуық кенші бар. Қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, шыңырауда шыңдалып, ел экономикасына орасан үлес қосқан оларды батыр демеске кімнің дәті барады?!.

Жеті қат жер астына түсіп, қазба байлықпен ел қазынасын толтырған бұл жандар қайтпас қайсар һәм жүрек жұтқандар. Сондай кеншінің бірі – «Шұбаркөл көмір» компаниясында 2011 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан экскаваторшы Сетай Баймағамбетов.

Сетай Баймағамбетов өз саласында жоғары талап пен кәсібиліктің символына айналды. 2024 жылдың маусымында оның басшылығымен, Фархат Ботаев, Әсет Кәрімов және Мейрам Құрманбаев бір командада Hitachi EX-1900 экскаваторларының өнімділігі бойынша жаңа рекорд орнатылды. 390 849 текше метр немесе 859 867 тонна кен өндірілді. Бұл – ERG тобының тарихындағы EX-1900 экскаваторлары үшін жаңа абсолютті рекорд.

– Біз рекорд орнатуға тырысқан жоқ­пыз. Біздің жетістігіміз – ұжымдық жұмыстың нәтижесі. Біз үшін ең бастысы – жоспардың орындалуы емес, жұмыс орнындағы қауіпсіздік. Біздің ұжымда әрқайсысы өз кәсібін мақтан ететін жауапты адамдар еңбек етеді, – дейді ол.

ERG құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» АҚ 1983 жылы құрылғаннан бері өзін Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің көшбасшысы ретінде танытты. «Шұбаркөл көмір» АҚ 40 жылдық тарихында 200 миллион тоннадан астам көмір өндірді. Компания сатылатын көмір, орташа температурадағы кокс, кокс шайыры, кокс майы, белсендірілген көмір және гуматтар сияқты өнімдердің кең ауқымын шығарады.

Ал, осы өндірісте еңбек ететін Сетай Баймағамбетов пен оның әріптестері табысқа жоғары кәсібилік, ұжымшылдық және заманауи техникалық құрал-жабдықтар арқылы жететінін көрсетті. Күнделікті өмірде Сетай отбасының сенімді тірегі. Көптеген кеншілер сияқты Сетай үшін де ең бастысы – денсаулық, қауіпсіздік және әр ауысымнан кейін үйге оралу.

Кеншілер күні біз баршамызды еңбегімен, адалдығымен тәнті ететін Сетай Баймағамбетов сияқты кеншілерді мақтан тұтамыз. Біз Сетайды және «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның бүкіл ұжымын жоғары жетістіктерімен құттықтаймыз. Алдағы уақытта табыс пен жаңа рекордтар тілейміз. Сетайдың жұмысы мен мінсіздікке деген адалдығы баршаға үлгі болары хақ.

Кеншілер күні құтты болсын!

Сания ШАЙКЕН
Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button