Жаңалықтар

Қош келдің, «Qaragandy habary»!

Қарағандылықтар алдыңғы күннен (4 наурыз) бері сүйіншілеуде. Тұңғыш рет қалалық апталық газет келді дүниеге. «Qaragandy habary» аталыпты. Сұлтанмахмұт ТОРАЙҒЫРОВТЫҢ «Ұранға Алаш деген атты аламын» дегеніндей, шекесіне Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» сөзін ұран етіпті. Қарағандыдағы «Сүйінші» монументін символ қылып көтеріпті. Мазмұны жаңа, форматы еркін көрінді газеттің.

Қарағандыдағы тұңғыш қалалық газеттің бірінші санын қолымызға ұстап та үлгердік. Баспасөз туралы жан-жақты әңгіме Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде өрбіді. Онда газет құрылтайшысы мен редакторы һәм қала әкімінің орынбасары газеттің мазмұны мен форматына кеңінен тоқталды. «Қалалық апталық газеттің шыққаны – қаламыздағы тарихи жағдай десе болар. Атқарушы билік пен халық арасындағы байланыс осы газет арқасында бұрынғыдан да жандана түседі деген ойдамыз. Қаламызда қаншама өзекті мәселелер бар. Олар әртүрлі әлеуметтік желілерде үздіксіз жарияланып жатады. Ел арасындағы сондай мәселелер атқарушы органдардың құлағына қалалық газет арқылы жетіп отырса, халықпен қарым-қатынас та нығая түсеріне сенеміз. Сонымен қатар, іске асып жатқан жұмыстарды дер кезінде жарқыратып көрсетуге де барын салады деген үміттеміз» дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Бикенов.

«Қаламызда орыс тілді қалалық басылымдар бар. «Карагандинский вестник», тағы басқалары. Қазақ тілінде қалалық газет неге шықпайды? Жергілікті билікпен ақылдаса келе, осындай апталық шығаруды қолға алдық. Қазір «Qaragandy habary-ның» алғашқы саны қолдарыңызға тиіп отыр. Мұндағы мақсат не? Ата-бабаларымыз айтады. «Ел болудың бірнеше шарты бар. Оның ең бірінші маңызды шарты – ұлттық тіл болу керек» деп. Сондықтан, ұлттық ана тіліміз әрқашанда бірінші орында тұруы тиіс. Тіл, тіл және тіл! Адамдар арасындағы алтын көпір тіл – ел болудың негізгі шартының бірі.

Бұған қоса мен бүгінге дейін аймақтық «Арқа ақшамы» газетін қаржыландырып келемін. Қарағандылық жігіттер келіп, Қарағандыда басқа қалалардағыдай қазақ тілді аймақтық газет шығаруға ұсыныс жасады. «Тәуекел» деп, кірісіп, қолға алып едік, Аллаға шүкір, шығып жатыр» деді «Qaragandy habary» газетінің құрылтайшысы, белгілі меценат Бақтыбай Жүнісов. Қалалық апталықтың мазмұны мен бағыт-бағдарына тоқталған газеттің Бас редакторы Ләззат Қожахметова: «Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қарағандыда әртүрлі саланы қамтыған аймақтық басылымдар болмаса, қазақ тілді қалалық газет шықпапты. Бүгін бірінші саны жарық көрген «Qaragandy habary» тәуелсіз, еркін газет. Мемлекеттік органның ғана басылымы емес, кез келген саладағы проблемаларды талдап, сараптама жасаймыз. Сұхбаттар ұйымдастырамыз. Келешекте сайт ашып, ақпаратты жедел беруді қолға алмақпыз. Әлеуметтік желілерде газеттің парақшасы бар. Газетке ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзін ұран етіп алып отырмыз. Және бірінші номерді Әлихан Бөкейхан туралы мақаладан бастадық. Сонымен қатар, көтерген мәселеміз де жоқ емес. Редакция құрамы бекітілді, кеңсеміз бар, жұмысты бастап жібердік» дейді.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button