Жаңалықтар

Қош келдің, Ізгілік айы!

Айлардың сұлтаны Рамазан айы да келіп жетті. Осыған орай облыстық Әнет баба мешітінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қарағандыдағы өкілдігі баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Онда Ораза айында атқарылатын ізгілікті істер жөнінде айтылды.

Облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы өңірдегі мешіттердің рамазанға толық дайын екенін атап өтті. Зекет және пітір садақадан жиналған қаржыға «Рамазан сыйлықтары» дайындалып, жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар мен қарттар үйіне таратылады. Сонымен қоса, студенттерге, қарттар үйіне ауызашар беріледі, науқас адамдарға, мұқтаж жандарға қаржылай және басқа да көмектер көрсетіледі.

Рамазан айында көптеген жұмыс жоспарланып отыр. Ораза қарсаңында мешіт ақсақалдары қаладағы дүкендерді аралап, қасиетті айда ішімдік сатуды шектеуді ұсынып, оның зияны, қылмыстың көбеюіне ықпал ететіні жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Биылғы 28 ақпан – Тарауық намазының бірінші күні. 1 наурыз – оразаның алғашқы күні. Ал, наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түні – Қадір түні. 29 наурыз – оразаның соңғы күні. 30 наурыз – Ораза айты.

– Құрметті Қарағанды облысының тұрғындары, биыл 2025 жылы Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мына маңайымыздағы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды басқа да мемлекеттердің ғұламалар кеңесі, мүфтилер, пәтуа бөліміне жауапты мамандардың ортақ ұйғарымымен наурыз айының 1-ші күні Рамазан айының алғашқы күні болып бекітілді. Биыл, Аллаға шүкір, Қарағанды облысы бойынша 26 мешітте Құран хатым түсіріліп, қарилеріміз намазға шығатын болады, – деді Әнет баба мешітінің бас имамы Естай Айтуғанұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметі бойынша, биыл пітір садақасының құны жан басына шаққанда 655 теңгені құрайды. Облыстық мешіттің бас имамы барша мұсылмандарды қасиетті айда сауапқа бөленіп, игі істер жасауға шақырды.

– Тән оразасынан бөлек жан оразасы бар. Қолымыздан келгенше осы айда сабырлықты, төзімділікті, мейірімділікті, жанашырлықты, қайырымдылықты көбейткеніміз абзал. Өйткені, Рамазан айы тек қана ашығу, шөлдеу ғана емес. Бұл – рухани тазару айы. Сондықтан, барша халқымыз­дың ұстап жатқан оразалары қабыл болсын! – деді бас имам.

Қасиетті айда облысымызда «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі» секілді қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Алғашқы тарауық намазы кешке құптан намазынан кейін оқылды.

Мүфтияттың және жергілікті өкілдіктің  ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында ораза ұстаудың тәртібі жарияланып отырады.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button