Қош бол, қорқор!
Қазақстанда қорқор тартуға тыйым салынды. Арнайы заңды Мәжіліс депутаттары бір ауыздан мақұлдады. Сенат қарауына жіберілген құжатқа Мемлекет басшысы қол қойып, заң күшіне енді. Бұдан былай қорқорды сатқандар 50 тәулікке, ал, оны шекарадан өткізіп, таратқандар 2 жылға сотталады. Әгараки қылмыстық әрекет бірнеше мәрте қайталанса, 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру көзделген. Десек те, жергілікті жерлерде қорқор қоданушылар азаяр емес. Әсіресе, түнгі түнеме мекемелердің есігін ішінен іліп, жатып қорқорлатар жастардың қатары көп.
Депутат талабы һәм заң жобасы
Бір жылдары барлық жас өкілдері ашық шегіп жүрген қорқорға тоқтау салынды. Заң шыққалы ашық жарнамалау да тыйылды. Бұл да бір қадам.
Депутат Дәулет Тұрлыханов Мәжілістің жалпы отырысында қорқорды қолдануға мүлдем тыйым салуды ұсынып үндеу жариялаған болатын. Жауапты орган өкілдері тез арада заң жобасын әзірлеп, бірқатар шара қабылдау керектігін айтты. Себебі, Мәжіліс депутатының айтуынша, қоғамдық орынға тынығуға барған адамдар еріксіз көрші үстелде қорқор шегушілердің түтінімен тыныстауға мәжбүр.
– Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда қорқордың қолданылмауына бақылауды күшейтіп, оны тұтыну заңдылығына тексеру жүргізуі қажет. Екінші, Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген қорқордың құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс. Үшінші, Үкімет елімізде қорқорды қолдануға мүлдем тыйым салуды, оны бұзғандарға жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуді, қарастыруды сұраймыз, – деген еді Мәжіліс депутаты.
Сонымен «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында полицейлер оны пайдалану, әкелу, өндіру және пайдаланудың алдын алу бойынша жұмыстар атқаруда. Ақпараттық-профилактикалық жұмыстар мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілуде. Осы уақыт аралығында апта сайын облыстағы ойын-сауық мекемелерінде және қоғамдық орындарда қорқор пайдалану фактілерін анықтау үшін рейдтік іс-шаралар өткізіліп, 167 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда әр мекеме қатаң бақылауға алынған.
Жат елден жеткен жаман әдет
Бұл өзі қайдан шығып, кімдер шеккен дүние осы хақында ойладыңыз ба? Көп жерде мұсылман қауымы қолданған деген дерек көптігінен біршама ел мұны «халал» деп жүр.
1775 жылы Уильм Хики деген ағылшын сонау Калькуттаға сапар шегеді. Калькутта кәдімгі қара шайдың отаны. Бұл жерде кофеин, анаша, горшиш, апиын сынды да түрлі нәрлі әрі зәрлі шөптер өседі. Сол сапарындағы естеліктердің біріне әлгі ағылшын былай депті: «Мен үшін ең керемет қорқорды дайындап қойыпты. Дәмін татып көрдім, ұнамады. Бірнеше мәрте тырысып едім, сонда да жағымсыз болды. Мен бар қайсарлығымды бойыма жинап, олардан: «Менің шегуім маңызды ма? – деп сұрадым, ал, олар болса өте сабырлы түрде жауап берді: «Әрине маңызды, егер танымал адам болып, сол танымал ортадан шығып қалғың келмесе, шегесің. Мұнда барлығы қорқор тартады және онсыз ісің өнбейді, ісіңнің өрге домалауы да екі талай»… Мен адамдардың қорқордан бас тартқанша, түскі асымыздан бас тартамыз дегенін де талай естідім» делінген естелікте.
Бағзы заманнан бері бар көрінеді бұл қорқор. Ол кезде қорқордың құтысы апиын сынды түрлі есірткілік шөптермен толтырылып, тұтатылған.
Адамдардың санасын жаулап алған қорқор бүгінге дейін жойылған жоқ. Тіпті түнгі мекемелердің сәні мен тренді десе, артық емес. Қорқор ең алғаш рет Үндістанда пайда болып, аз уақыттың ішінде бүкіл мұсылман мемлекеттеріне тарап кеткен. Ал Еуропаға қорқор XIX ғасырда келген. Қорқор түрлі мемлекеттерге таныла бастағанда оның атауы да сол елдің тіліне қарай өзгеріп отырған. Ертеректе қорқор жасауда мыс пен жезді қолданса, қазір олардың орнына тот баспайтын болаттарды пайдаланады. Икемді түтік терілердің орнын алмастырды және сымдардың орнына силикон резеңкелер пайдаланыла бастады. Қолданыстағы жаңа материалдар қорқорды ұзақ сақтауға мүмкіндік беретін көрінеді. Бұл оны шеккенде жағымсыз иісін барынша жасырып, қорқордың зиянды әсерін білдіртпейді дейді мамандар. Сайып келгенде қорқор қазаққа жат дүние. Мұсылман еліне кіргенімен ежелгі қазақтың шеккені ертегіде де, ескі аңызда да жоқ. Ал, елге кіргенін дөп басып айту қиын болса да, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романында мынадай сөздер кездеседі: «Бұл қалада бәрі де әдеттегідей, анау бөдене соғыстырған топ та, әне, анау қорқор тартып, геджак тыңдап отырған мырзалар да… Бәрі де күндегі салтында». Романға қарап, қорқор біздің елімізде де бұрыннан келе жатқан жаман әдет екенін түсінуге болады. Қазіргі уақытта Қазақстанда қорқордың танымалдылығы анағұрлым артып кеткен. Тіпті, көп қорқорлы мекендер жаңа заң күшіне енгенімен қорқорды сап тыю оңай іс емес екенін дәлелдеп отыр. Бұған дәлел – арнайы қорқор клубтарының әлі күнге дейін жұмысын жайбарақат жалғастыруы.
Адам ағзасына әсері
Жоғарыда айтқандай, қорқорды «әйел-ермін» демей, аузынан түтінін будақтатып, қала берді түтік арқылы түрлі пішіндегі түтін шығарып отырған талайды көзіміз шалғаны бар. Тіпті, қазіргі таңда көптеген адамдар қорқорды «көңіл көтерудің жақсы жолы» деп біледі. Алайда, бұлайша көңіл көтерудің қаншалықты зиянды екенінен бейхабар.
– Қорқорға арналған темекінің сыртына әдетте, 0,5 пайыз никотин және 0 пайыз шайыр (смол) бар деп жазылады. Жалған. Олардың жарнамалары аттандап, қорқор зиянсыз, оның денсаулыққа тигізер кері әсері жоқ деп тұрады. Дегенмен, темекінің қандай түрін алып қарасақ та, олардың барлығында жүйкені улайтын никотин болады. Ол ағзаның қандай көлемде темекі шеккенін есептеп тұрады. Никотин шегетін ағзаның қалауын толық қанағаттандыру үшін, адамға 20-80 минут қорқор тартуға тура келеді. Бір сағат қорқор тартқан адам, бір темекі тартқан кездегіден 100-200 есе артық түтін жұтады. Сондай-ақ, оның өкпесіне, никотин мен зиянды заттардың аз болғанына қарамастан, тұншықтырғыш газ көп мөлшерде түседі. 45 минут бойы қорқор шеккен адам тұншықтырғыш газды, бір қорап шылым тартқан адамнан көбірек жұтады. Оны тарту кезінде терең тыныс алу керектігінен көп күш жұмсауға тура келгендіктен, түтін өкпенің терең тұстарына кіріп кетеді екен. Әдетте қорқорды бірнеше адам болып тартады. Сондықтан, болар қорқордың «мундштук» аталатын сору түтігін бірнеше адам пайдаланады. Гигиеналық тұрғыдан бұл өте зиян. Сілекей арқылы таралатын гепатит, герпес, туберкулез сынды сырқаттардың жұғуы да бек мүкін. Қорқордың ең сорақы әсері асқазан, бауыр, өкпе ауруларына және обырға бастар бірден-бір зиянды әсерін есте тұтқан абзал, – дейді облыстық онкология диспансер дәрігері Бегалы Үсенбеков.
Әлем және қорқор
Төрткүл дүние тәжірибесіне сүйене отырып, Еуропа мемлекеттері қорқорға қатысты бір бағытты ұстануда. Мәселен, Англияда қоғамдық орындарда шылым тартуға және қорқор шегуге 2007 жылы тыйым салыныпты. Қатаң тәртіпке бағынбағандарға 2,5 мың фунт көлемінде айыппұл салынады екен. Францияда да мұндай тәртіп 2007 жылы, ал, Эстония мен Финляндияда 2008 жылы шыққан. Оған қоса, Бельгия, Кипр, Литва, Испания, Словения сынды бірқатар елдерде де қонақүйлер мен мейрамханаларда қорқор тартуға қатаң тыйым бар.
Сырттан сыналап еніп, сананы улап жатқан қорқордан құтылар күн келді. Ендігісі – заңның белден басылмай, бекем сақталуы. Сонда ғана су жаңа заңның мәні де, маңызы да зор болмақ. Әйтпесе, қабылданып алып, қаперге алынбаса, ұлттың тура мағынасында, улануына тоқауыл табу одан да күрделене түседі.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz