Қош бол, Мұхтар аға!
Үйсін мен Арғын,
Керей,
Адай ұлы –
Һас Сақтай Халық болдық қалай ірі!
Көшіртіп дінді арабқа Көк Тәңірден,
Адами жолға салдық анайыны.
Жүргенде ат үстінде көзге ілмеп ем
Жабысып жерде жүрген жабайыны.
Қазақтан қай жұрт осы аруақты,
Түркіден басқа ел осы қалай ұлы?!
Мағжан – Бекзат жұртым, маңқылдап кеп,
Басыңа қалай шықты малай ұлы?!
Жатырда жанталасып жатыр білем,
Тоныкөк, Тоқтардайын талай ірі.
…Алтыауыз, алтыбақан – ағайыны,
Кеудесін керінеген Абай үні.
Аузынан Бөкейханов Әлиханның
Бүгін кеп түскендейін бар айыбы, –
Алланың бетін елге бұрамын деп,
Алаштың боздап отыр Мағауині!
– Мен! – дейді – Алаш ұлы!
Адам ұлы!
Мейірім жоқ адамда, Алла, ая мұны.
Бүгіні көзге қораш көрінген соң,
Аңыз ғып айтады ылғи баяғыны.
Осынау алты Алашқа аян үні, –
Өзі – ұлы,
Өзінен де Абайы – ұлы,
Жыр болған жылқышыға, қойшыға сөз,
Қазақтың, қайран, Мұхтар Мағауині!
Алаштың адамзатта азалы өңі,
Сонысымен асқақ ол, ғажап еді!
Абай, Мағжан, Әлихан әр жағында,
Мағауинің бар еді бер жағында,
Тәңіріңе тәуба де, Қазақ Елі!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ