Қош бол, алтын беренім…
Сен мінбеген жүйрікті,
Біреу жекті арбаға!
Сен алмаған сыйлықты,
Біреу алды зорлана!
Қайырылмадың біріне,
Атақ, мансап жағалап.
Сүйсінуші ек үніңе,
«Ән салшы!» деп ағалап!
Жыр оқы деп көкелеп,
«Пырақты» оқы деп қызып!
Паң даланы төтелеп,
Жүрегіңнен өткізіп,
Оқушы едің гүрілдеп,
Күлуші едің шалқалап.
Қалушы едік күлімдеп,
Алушы едік алқалап.
Аялаушы еді ірілер,
Боз жүйрігім «Сәттәш!» деп.
Саялаушы ек інілер,
Ар-намыспен аттас деп!
Сен қолға алған домбыра,
Сөйлейтұғын – дала кең.
Ғұрып, дәстүр, ән, мұра,
Арда туған дарам ең!
Имеуші едің басыңды,
Түймеуші едің жұдырық.
Сен деуші едік һас үлгі,
Бекзаттыққа ірілік!
Қайда асықтың, іңір күн,
Ер сап пырақ-құсыңа?
Найзағайдай сұғылдың,
Нәзік жүрек тұсыма…
Алды әкетіп Хақ Ұлы,
Қош бол, алтын беренім…
Жоқтау болды ақыры,
Саған жазған өлеңім…
Мирас АСАН.