Қош бол, Аға!

Қарқаралы өңірінің айтулы азаматы Төлеутай Шахарбаев фәниден бақиға аттанды. Ол менің осы елдегі орны бөлек, адамгершілік бейнесі жаныма жылы шуағын төккен елден ерек ағам еді. Қызыларайдан Қарқаралыға көшіп келгенде маған арнайы келіп сәлем беріп, «Ахаңның үмбеті еліне қайтып келді, ортамыз толды, өрісіміз кеңіді», – деп қуанған ағайынның бірі һәм бірегейі еді. «Ахаң 1938 жылдары осында хатшы болғанда қолында 120 «халық жауының» тізімі болған, соның бірде-біреуін ұстап бермей, қызметі төмендеп, Жаңатоғанға басқарма болып кетіп еді», – деп отырушы еді ағаларымыз» – деген… Ол кезде Төкең Нұркен совхозының директоры еді.
Кейіннен Қарқаралы аудандық партия көмитетінің соңғы бірінші хатшысы болды. Мен көшіп келген соң Қасым ақынның туыстарын іздегем, бала күнінен жетім өскен Қасым әуелі Семей асып, одан Алматы-Оралға өтіп, бұл жаққа ат ізін салмаған екен. «Қасымның туысы бізбіз» дегенді мен алғаш рет осы ағамның аузынан естіп едім, басқа ел оның кім екенін де білмейтін болып шықты…
Бір күні Төкең:
– Қасымның үйсіз-күйсіз өткені белгілі ғой? Сол кезде Қарқаралыда жиырмадан астам қолхоз бар еді, – деп еді. – Сол жиырма қолхоздың басқармасы жиырма ірі қараны етке салса, соған бір үй келуші еді ғой?! Қасымды қаңғыртып қойғаны несі?!
Мұндай сөзді ерінің қадірін біліп, қасиетіне жеткен ел ағасы ғана айта алады! Басқа пенделердің аузына мұндай сөз түспейді!
Төлеутай Шахарбаев аудан тізгінін қолға алғаннан кейін Қасымның 80 жылдығын дүбірлі той ғып өткізді. Алматыдан Қазақстан Компартиясы ОК үшінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бастаған, Ғафу Қайырбеков, Шерхан Мұртаза т.б, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, жұбайы – Сақыпжамал, қызы Дариғалар келген еді. Мен осында – Кент тауының етегінде Қасым туралы сөз сөйледім. Кейін мерейтой Алматыда жалғасты. Ақтоғай үшін Рымбек Жүнісов, Шет үшін Қасымбек Медиев қандай болса, Қарқаралы үшін Хакім Зәкішев пен Төлеутай Шахарбаев сондай тұлға еді. Енді, міне, олардың да орны үңірейіп тұрады…
Төкең туған еліндей терең, парасатты, қарапайым адам еді. Ойы да, тірлігі де тап-таза еді. Туған елі хақында төмен ойда болып, оның қазынасын ішіп-жеп кеткендердің ақыры не болды?!. Не болар екен күндердің күні?!.
Қош бол, Аға! Алдың пейіш, артың кеніш болғай!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ


