Қош, аяулы ардағым!
Сұм ажал менің де буыныма, ізетті інілеріме де ауыз сала бастады, – фәниден бақиға Сары Арқаның аяулы азаматы Зағыпар Шәкентаев көшіп барады! Жанымыздағы Жаңаарқа ғана емес, мына ұлан-байтақ Сары Арқа Зағыпарымен асқақ еді! Биік еді! Ажарлы да, базарлы еді! Сері еді, – Сәкен көкесіндей! Алаштағы сұлуды, адамзаттағы жылуды жаны қалмай сүюші еді!
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары мені іздеп Қарқаралыға келіп еді, содан іргеміз ажырамаған-ды. Қазақтың руханиятына емірене тәнті болып, тебірене ғұмыр кешіп еді, қайран, Зағыпар! Замандастарының көбінен еңсесі биік еді! Есжан Әміровтің «Қайран, өмірі» жарық дүниеге шыққанда осы әнді өзі жазғандай мағмұрланған сәті әлі көз алдымда, сонда «Зағыпар, зарын қара мынау әннің?!» деп өлең жазғаным да есімде. Өнерде де, өмірде де қоян-қолтық қатар жүре беретіндей, жүзге жеткенше өмір сүре беретіндей көрініп еді-ау, жарықтық?!
Есжан Әміровтің Ілағаң туралы әніне сөз жазғанда оның ақындығына көзім әбден жетіп еді. Ұзақ уақыт Іл-Аға – Ілия Жақановтың қасында, жақсылардың жанында жүрді ол! Ол өзін ақынмын демейтін. Бірақ, оның ақындық қуаты «мен – ақынмын» деп жүргендердің талайынан артық еді!
Соңғы жылдары оны белгісіз бір дерт айналдырып кетті… Ақыры сол қапылыста алып ұрды, қайран, боздақты… Ылғи шаршы топта ақ маңдайы жарқырап жүрген жігіттің сұлтанына дос, құрбы, ағайын-туыс, қоғамнан бөлініп, ауыр дертпен күресу оған оңайға түспеді-ау деп ойлаймын.
Қош, өмірдегі, өнердегі қапталдасым, аяулы да ардақты азамат, Захам! Сенің ғазиз бейнең менің жүрегімнің төрінде тұр!
Зағыпар, зарын қара мынау әннің….
(Зағыпар Шәкентаевқа)
Зағыпар, зарын қара мынау әннің,
Егіліп ел тынышта жылаған кім?
Сүйегің шымырлайды етпен бірдей,
Қайғысы неткен зілдей мына адамның?!
Тұрмыз ғой құз басында –
Құлау алды,
Қаншама кінә қалды,
Күнә қалды.
Елжіреп екеумізден басқа пенде,
Егіліп естімей ме мынау әнді.
Құнымыз аспанға анау қара бақыр.
Мынауың содан келді,
Қара да тұр:
Жарықтай желден-дағы жедел жетіп,
Табыттай неге ауырлап бара жатыр?!
Мынау ән қалай-қалай боздайды кеп,
Қайғыны қай-қайдағы қозғайды кеп.
Жарқылдап тұрғанымен бұ дүние,
Омыраулап о дүниеден озбайды деп.
Болады бойдан мұзды еріткені,
Қой деші…
Жаның сонша берік пе еді?
Бұ қазақ дүниеге ару анадай
Боздап бір кету үшін келіп пе еді.
Отырсың көз жасаурап,
Шерге құлап,
Лапылдап кеудеңде от,
Белде – қуат.
Қойыны – қонышыңда өрт пен өксік,
Қой деуге шама бар ма сенде, бірақ…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.