Жаңалықтар

Қош, қайран, ағам!

Қарағандының көшесі – жөңкілген жұрт. Кім келіп, кім кетпеген бұл жерден? Бір кезде осынау шаһардың көшесінде маңдайы жарқырап Әлімхан Ермеков жүрген. Алаш Орданың соңғы көзі! Қазақтың алғашқы математигі!

Сурет: жеке мұрағаттан

Кеудесі толы – Алаш идеясы! Қазақстанды Жапонияның деңгейіне көтереміз деп ойлаған көксерек топтың бірі һәм бірегейі. Бірақ оны өзге түгілі өз қазағы да түсінген жоқ… Жетпісінші жылдары фәниден бақиға аттанғанда соңынан аз ғана ағайын шығарып салды. Қазақ өзінің соңғы көсемінен көз жазып қалғанын сезбей қалды…

Мұнда Евней Бөкетов те жүрген. Өзі – химик, өзі – лирик. Төбеден қамшы ойнатқан қатыгез совет өкіметі оның да маңдайынан сипай қойған жоқ. Көп – қорқытты, терең – батырды. Ол да қазағына Құдай берген құдіретті дарын-арынын сарқып бере алмай, іш құса болып, фәниден бақиға озды.

Бүгін осы шаһардың көшесінде алшаң-алшаң басып Темірғали Көкетаев жүр еді… ХХ ға­­­­­с­ырдың ғұламасы! Ол атақты жапондардың ұсынысымен оған 1999 жылы Кембридждегі Халықаралық биографиялық орталық берген. Омырауында соның күміс медалі. ХХ-ХХІ ғасырдың аса көрнекті физигі! Резерфорд емес, Эйнштейн де емес, Көкетаев! Қазақ! Америка, Англия немесе Жапония топырағында туғанда абырой-атағы бұдан да асқақ болар ма еді. Бірақ, бұл жолы Алланың таңдауы Алашқа түсті. ХХ ғасырдың ұлы бір физигі қазақтан туды!

Кешелі бүгін фәниден бақиға аттанып, жүріп кетті…

Оның соңынан ерген көп інісінің бірі мен де жетпіс белден асып барамын, қазақтың үш жүзінде табаным тимеген жер жоқ, Алаштың маңдайына біткен небір жақсыны көріп, көңілім көншіп еді, бірақ, өз заманымда осындай жүз жылда бір туатын сирек тұлғаны көрмеп едім, Алла оны да қасымнан алып кетті! Отыз омыртқамның біреуін кесіп алып кеткендей! Жапанда жалғыз қалғандай болып отырмын, хош, аяулы ағатайым!

Сенің орның Қарағандыда ғана емес, Атырау­-Арқа-Алатау-Алтайда мәңгі бақи үңірейіп тұрады әлі…

Физика-математика – несібіңіз,
Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.
Бірақ, аға, есебін бұ қулардың,
Сіз шығара алмайсыз –
Кешіріңіз!

Құзғын-қудың есебі жан улаған,
Шығара алмай, ел естен тануда, аға:
Амалында қосу мен көбейту жоқ,
Бөлу ғана – мұныкі,
Алу ғана!

Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,
Көз атаулы барады лайланып:
Бөлуменен алудың күні туды,
Көбейту мен қосуың былай қалып?!..

Өз есебін шығармай қоймайды бұл,
Біз – етекте,
Төбеден ойнайды құр:
Сізді қалай – ақымақ, мені – мәжүнін,
Елді – есалаң тобыр деп ойлайды бұл…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button