Қош, аға, қош!

Ұлыстың ұлы күні іңірде Теміртауға қаралы хабар жетіп, көктемнің қара суығындай жанымызды мұздатып қоя берді. Жылдан жаңалық күткенде, мұндайды мүлде күтпеген едік. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, арда азамат, абыз Қасым Ботанов мәңгілік мекеніне көшіпті. Туған жері Алатау баурайынан жеткен жедел ақпар өзекті өртеп қоя берді. Беу, дүине, қандай Тұлға еді?! Саналы ғұмыры Теміртауға арналғанымен, жазуды қарасаңызшы, мәңгілік мекенін туған жерінен тауып, кіндік қаны тамған топырақ бұйырған екен. Теміртау үшін орны толмас қаза. Орны толмас өкініш. Бүгін Теміртаудың барша қазағы Қасымын жоқтап отыр. Өйткені Қасым аға – азаматтың эталоны еді ғой, шіркін!
2002 жылдан басталған таныстығымыз рухани байланысқа ұласты. Жеке мүддесін емес, елінің, ұлтының мүддесін бірінші орынға қойған мұндай адамдар енді қайтып бұ дүниеге келер ме, келмес пе?! Мұндай Қасымдар дүние есігін енді аша ма, ашпай ма, ол да беймәлім.
2002 жыл – ұлы көшке жүк артып, табанымыз тұғырлы мекен Теміртауға тиген жыл. Келе сала, 1 наурыздан осында ашылғанына жыл тола қоймаған «Теміртау» атты қазақ газетіне қызметке қабылдандым. Редакция қаланың шығыс бөлігіндегі «Магнитка» жекеменшік тіс емханасының бір бөлмесіне орналасқан. Емхананың иесі «Қазақстан Республикасының Құрметті стоматологы», қаланың бас ақыны Қасым Ботанов екен. Қасым ағамен таныстығым осылай басталған…
…Күндер зулап өтіп жатты. Қасым аға күн сайын редакцияның есігін ашып, «Қалайсыңдар, қазақтар, барсыңдар ма?» дейді. «Бармыз!» дейміз. «Бәрекелді, бар болыңдар, нар болыңдар!» деп хал-жағдайымызды біледі. Кейде жұмыстан қолымыз қалт ете қалғанда өзінің кабинетіне бас сұғамыз, ондайда «Төрлетіңдер» дейді. Кабинетінің төрінде домбырасы ілулі тұрады, қабырғаға сүйеулі гитарасы бар, ал, есік жақтағы оң қапталда – пианино. Музыкалық аспаптардың бәрінде ойнайды, өлең оқып, ән де салады.
Қасым ағамның жанында жүрген сол кездер жан-дүниеме рухани азық болды, мен ақынның бойынан бірнеше адамгершілік қасиеттердің жиынтығын көрдім. Кейін қадірмен ағаның 70 жылдық мерейтойын ұйымдастырып, өткіздім. Сонда мен халқымыздың «Сегіз қырлы, бір сырлы» дегеніне орай Қасым Ботановтың қырларына тоқталдым.
Бірінші қыры. Әрине, ол азаматтық, адамгершілік қыры, қазақ газетін қанатының астына алып, тіс емханасынан кең де жарық бір бөлмені ақысыз-пұлсыз беруінің өзі азаматтық емес пе?
Екінші қыры. Білікті маман, білімді дәрігер. Қазан мемлекеттік медицина институтының түлегі, жоғарғы оқу орнын 1966 жылы (мен туған жылы) тәмамдап, 1978 жылға дейін Татарстанда қызмет еткен. 1978 жылдың соңында Теміртауға көшіп келген, 1980-1982 жылдары Қарағанды медицина институтында хирургиялық стоматология кафедрасының ассистенті болды.
Үшінші қыры. Жомарттығы, үнемі қаламызда өткен мәдени іс-шараларға демеушілік жасағаны деймін. Біз талай рет қала кітапханаларында мектеп оқушылары арасында түрлі мүшәйралар ұйымдастырып, әдеби кештер өткіздік. Сонда демеуші болып, балаларды сыйлықсыз қалдырмайтын.
Төртінші қыры. Алланың берген сыйы – ақындығы. Әкесі Ертай ат баптап, құс ұстаған, ауылдағы той-думанның бел ортасында жүрген сері кісі болған екен. Қасым ағаның әр жылдары жарық көрген «Нұр жаусын», «Жанама жалған», «Аяулы менің аңызым», «Жиһангер жұлдыз», «Құс жолы» деген жыр жинақтары бар.
Айтпақшы, бұған қоса айтыскерлігі өз алдына бір төбе, аймақта айтыс өнерін қайта жандандырған сонау сексенінші жылдардың соңына қарай «Қыз бен жігіт» айтысының көшін бастаған да осы Қасым Ботанов. Қарағандының ару ақыны Айгүл Түсіпбековамен айтысын теміртаулықтар әлі күнге дейін жыр ғып айтады.
Бесінші қыры. Аудармашылық қыры, Қасым аға өлеңдерді қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударады. Мысалы, А.Пушкиннің, С.Есениннің, Е.Евтушенконың, А.Вознесенскийдің өлеңдерін қазақшаға аударған. Сонымен қатар теміртаулық Ю.Показанов, В.Зиманов, Т.Ромашихина, Т.Дубовская сынды орыс ақындарын да қазақша сөйлетті. Теміртаулық демекші, менің және Таңсәуле Әгенқызының бірнеше өлеңдерін орыс тілді оқырманға жеткізді.
Алтыншы қыры. Композиторлық қыры да бар, өзінің бірнеше өлеңдеріне ән жазған, оны өзі орындайды да. Атап айтар болсам, «Анашым», «Періште қыз», «Романс», «Ұландар» секілді басқа да әндері бар.
Жетінші қыры. Кез келген музыкалық аспапта ойнайды. Нотаны біледі, домбыра, баян, гитара, пианино, мандолина дейсіз бе, қолына алса болды, бәріне тіл бітіретін.
Сегізінші қыры. Спортшы, иә, қағыс естімедіңіздер, Қасым Ботанов классикалық күрестен Татарстанның чемпионы болды! Шахматты шебер ойнайды, сонымен қатар кезінде, ұмытпасам, сонау 1985 жылдары Қарағандыдан Алматыға жаяу барған желаяқ, ал Алматыдан Алатау арқылы, таудан-тауға өрмелеп Қырғызстанға жеткен альпинист.
Міне, аға деп құрмет тұтсақ, қарындас деп еркелететін Қасым Ботанов осындай сан қырлы абзал жан еді. 1942 жылы 10 наурызда, Алматы облысы, Балқаш ауданы, Іле өзенінің бойындағы Құйған ауылында туған абыз кеше 83 жасқа толған шағында, бақиға аттанды. Шыны керек, қабырғамызды қайыстырған қайғы бұл.
Бір кездері өзге ұлт өкілі сыңсыған Теміртауда қазақтың исі аңқыған рухани орта қалыптасуына ұйытқы болған тау Тұлғасынан айырылды құрыш қала. Содан да құрыш қала құлазып тұр. Бақұл болыңыз, аға! Теміртау төріндегі Сіздің орныңыз Алматыға кеткелі жетімсіреп жүр еді. Енді, тіпті, үңірейіп қалды. Оны ешкім де, ештеңе де толтыра алмақ емес. Қош, аға, қош! Алла алдыңыздан жарылқасын!
Руза АЛДАШЕВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі