Бас тақырып

Қосары қомақты қосалқы шаруашылық

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы жеке қосалқы шаруашылықтары туралы Заң қабылдау қажеттілігі айтылды. Негізі мұндай құрылым бұрын болған. Ол ауыл еңбеккері отбасының қосымша табыс көзі саналды. Кеңшар жем-шөппен қамтамасыз етіп тұрды, өнімін өткізуге қолдау, көмек көрсетті. Ал, бүгінгі жеке қосалқы шаруашылық ауылдық жерде негізгі (қосымша емес) табыс көзіне айналған. Алайда, елде ауыл шаруашылығы өнімінің басым бөлігін өндірсе де, өзімен-өзі жеке дара, яғни, мемлекет тарапынан қандай да болмасын қолдау-көмектен тыс қалған.

Рас, жеке қосалқы шаруашылық туралы заң жобасы бұған дейін де Парламент қарауына бірнеше мәрте ұсынылған, бірақ, ауылдық жердегі тұрғындардың жеке мал басын бұрынғыдай шектеу қалай болады деген желеумен қаралмай келді. Ал, оның нақты мәртебесін анықтап, Заңмен дәйектеу қажеттігін өмірдің өзі ұсынып отыр. Мемлекет басшысының мұндай маңызды мәселеге алқалы жиында назар аударуы көңілге сенім ұялатады. Бұл мәселенің маңыздылығы мен оны шешу жолдары туралы, көптен атқарып келе жатқан ғылыми-өндірістік ізденісімнің негізінде мен де жазып, айтып келемін. Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін білгенімді тағы да ортаға салу артық емес деп ойлаймын.

2015-2018 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы экономикасы мен ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының Нұр-Сұлтан филиалына басшылық жасағанда, еліміздің төрт өңірінде (Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан) жеке қосалқы отбасы шаруашылығының қызметін жетілдіру бағытында арнайы тақырыпта ғылыми-өндірістік зерттеу жұмысын жүргізіп, нақты ұсыныстарды Ауыл шаруашылығы министрлігінде баяндап, тиісті құжаттарды өткізген болатынбыз. Мысалы, бүгінде ауылдық елді мекендер аумағында ірілі-ұсақты, жеке қосалқы шаруашылық атын «жамылған» шағын құрлымдар шоғырланған. Бұл, біріншіден, елді мекендер маңайының тазалығына кері әсерін тигізсе, екіншіден, жайылымның жағдайын қиындата береді.

Сондықтан, қабылданар «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» Заң жобасында мынандай мәселелерге мән берілсе: ауылдық елді мекендер аумағында тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылығында ұстауға болатын мал басының саны отбасы мүшелерінің мал өнімдері сұранысына, ортақ пайдаланыстағы жайлымдық жердің құнарлылығына сай реттелсе және соның негізінде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылса (олардың үлгісі біз дайындаған құжаттарда көрсетілген). Ауылдық елді мекендердегі (50% жоғары) тауарлы мал өнімдерін өндірумен айналысатын қосалқы шаруашылыққа «жеке кәсіпкерлік» мәртебесін ресімдеу арқылы мемлекеттік қолдау-көмек қарастырылса, сосын олар адам көп шоғырланған елді мекеннен тысқары қоныстануы керек.

Бұрын ҚР Заңдары қабылданғанда, оны орындау тетіктерін, қаржыландыру көздерін қарастырған Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданатын. Өкінішке орай, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» екі рет Заң қабылданса да, оны атқару тетіктері, қаржылық жақтары нақтыланбағасын бүгінге дейін бұл Заң өз мәнінде қолданыс таппай отыр, демек, осы жағы да ескерілсе. Бұл іс-шаралардың нәтижесінде, ауылдық елді мекендер халқы тұрақтанады, экологиялық таза өнім көлемі артады, ауылда жаңа жұмыс орындары ашылады.

Жолдауда мал азығы туралы да айтылды. Ауыл шаруашылығы өндірісінің табиғи жағдайларға тәуелділігін ескере бермейміз. Яғни, өңірлерде мал санына мал азығы қорын реттеуге тырасамыз, меніңше бұл керісінше болуы керек. Елімізде мал шаруашылығын дамытуға табиғи-өндірістік жағдайлары сай келетін өңірлер жеткілікті, мүмкін кей өңірлер үшін мал азығын сатып алып, тасымалдап мал шаруашылығын дамытам дегеннен гөрі, оларға жетіспейтін мал өнімдерін тасымалдаған тиімді шығар: мысалы, өндірістік әлеуеті жоғары Атырау, Маңғыстау облыстары үшін. Әрине, бұл пікір әлі де тиісті талдау-сараптау жасауды қажет ертеді.

Осы орайда, биылға мал азығына қатысты қалыптасқан жағдай, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығын айқын көрсетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында елімізде пайдаланылмай жатқан ресурстар туралы да әңгіме қозғады. Осындайда ойға оралады, басқасын айтпағанда, ауылдық аймақтарда «лиман» деп аталатын табиғи су жиналып (ойпат жерлер), жоғарғы деңгейде мал азығындық өнім беретін жерлер де жеткілікті, бірақ, тиісті күтім жоқтығынан бүгінде олар тозып, қараусыз қалған. Мысалы, кезінде бір шаруашылықты емес, қиын кезеңде өңірге де көмегі тиген Ұлытау ауданындағы бұрынғы «Сарысу» совхозы аумағындағы 12 мың гектар «лиман» бүгінде тиімді пайдаланылмай отыр. Мен Шет ауданында қызмет істегенімде Бүкіләлемдік экологиялық қордың грантымен «Қуаң жерлерді игеру» жобасын атқару барысында бұл бағытта біраз жағдайды түсінгендей болдым.

Сонымен айтарым, тұрақты әрі жеткілікті мал азығы қорын қалыптастырамыз десек, жоғарыда аталған, тиімділігі жоғары «лимандарды», кепілділігі жоғары суармалы жерлерді, кең байтақ жайлымдықты мал шаруашылығы игілігіне игерудің мемлекеттік бағдарламасын жасамай және оларды іске асыруда мемлекеттік-жекеменшіктік қауымдастықтағы кәсіпорындар құрмай, шаруа оңалмайды. Бұл іс- -шараларды жеке дара жекеменшік құрлымдар ешқашан да атқара алмайды. Қосары қомақты қосалқы шаруашылықты дамытудың да жолы осы.

Кәкімжан САРХАНОВ, Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының академигі, ауыл шаруашылығы.

Басқа материалдар

Back to top button