Осакаров ауданының тұрғындары да қалыс қалмады
Бүгін Осакаровка кентінде де референдум учаскесіне ағылған жұрттың қарасы қалың. Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектебі ресурстық орталығында орналасқан №550 референдум учаскесінде 2025 жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде ІІ орын иеленген Қажымұрат Жапаровтар отбасы да таңдауларын жасады.

Жапаровтар әулеті – бірлігі жарасқан, берекесі мол, өнегелі шаңырақтардың бірі. Олар отбасы құндылықтарын жоғары бағалап, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін үлгілі отбасы ретінде көпшілікке танымал. Осындай елдік мәні бар науқанда Жапаровтар отбасы да азаматтық белсенділік танытты.
– Осындай берекелі отбасылар қоғамның тұрақтылығы мен елдің болашағының берік негізі болып табылады. Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат құндылық, мейірім мен сыйластықтың, татулық пен түсіністіктің ордасы. Сондықтан, отбасының қоғамдағы орны ерекше. Осындай өнегелі отбасылардың ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси шараларға белсенді қатысуы жастарға үлгі болып, елдің бірлігі мен ынтымағын нығайта түседі. Жапаровтар отбасы да бүгінгі маңызды күні өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті, – деді референдум учаскесінің төрағасы Мара Ақмағанбетова.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz
Осакаров ауданы



