АймақБас тақырыпОсакаров

Осакаров ауданында жайылым тапшылығы қалай шешілуде?

Осакаров ауданында соңғы екі жылдан бері жайылым мәселесін шешуге бағытталған «Жайлау» жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Жоба алғаш болып Сарыөзек, Қарағайлы және Көлді ауылдық округтерінде қолға алынып, бұл елді мекендерде 10 500 гектар қоныс жайылымы бөлінді.

Сурет облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен

Аудан әкімінің орынбасары Береке Есіргеповтің айтуынша, жайылым мен шабындық жердің жетіспеушілігі аудан ғана емес, бүкіл өңір бойынша өзекті мәселе. Осыған байланысты пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен меморандумдар жасалып жатыр.

Жобаның аясында жайлауларда құдықтар қазылып, қалқалар мен вагондар орнатылып, генераторлар мен суға арналған ыдыстар әкелінді.

Сарыөзек ауылының тұрғыны Манарбек Досымхановтың айтуынша, жайылымдық жер бөлінгеннен бері тұрғындар малдарын жайлауға шығарып, оларды кезекпен бағып отыр. Ауылда тек сауылатын сиырлар қалған.

2023 жылы «Жайлау» жобасы Шідерті ауылдық округінде де іске қосылды. Мұнда «Тайбұрыл-НК» ЖШС 2000 гектар жерді тұрғындардың пайдалануына берді. Бұл жайылымнан Ақбұлақ, Жастар және Шідерті округтерінің тұрғындары игілік көріп отыр.

Ақбұлақ тұрғыны Мишириза Бұғай жобаның маңызын атап өтіп:

– Барлық малымыз жайлауға айдалды. Бұл – біз үшін үлкен көмек, – дейді.

Сондай-ақ Нияз ауылдық округінде 3100 гектар, ал биыл Есіл ауылдық округінде жайылымға үш жарым мыңнан астам мал шығарылған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button