Қарағанды өңірінің арнайы қызметтері алдағы қыс маусымына әзірліктерін тағы бір пысықтады. Таяуда Осакаров ауданында «Қыс-2025» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының практикалық кезеңі өтті. Оның барысында азаматтық қорғаныстың аудандық бөлімшелері, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінің қызметшілері, Қарағанды облыстық ТЖД Төтенше жағдайлар медицинасы орталығының мамандары қатысқан тактикалық-арнайы жаттығулар ұйымдастырылды. Іс-шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Кенжебаев пен Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов қатысты.

Шараның барысында қыс мезгіліне тән төтенше жағдайлар туындаған күнде тиімді іс-қимыл жасауға басқару органдары мен мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің күштері қаншалықты дайын екені тексерілді. Оқу-жаттығулар аясында ауа райының күрт нашарлауына әрекет ету, іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ, қызметтердің өзара тұрақты іс-қимылын қамтамасыз ету мысалдары келтірілді.
Әсіресе, мамандандырылған топтардың жұмысына айрықша көңіл бөлінді. Адам аяғы жетуі қиын деген шартты аумақтарда тапсырма орындауға құтқару қызметінің үш атты қызметкері, зардап шеккендерді іздеуге үйретілген екі қызметтік ит қатысты.
Шараның қорытындысы бойынша Осакаров ауданының арнайы қызметтері қыс мезгілінде туындауы мүмкін төтенше жағдайларға толығымен әзір деген оң бағасын алды.
«Қыс-2025» ауқымды оқу-жаттығуы аясында Қарағанды облысы бойынша 5 мыңнан астам адам мен 1700-ден астам техника жұмылдырылған. Қатысушылар қысқы ауа райы қатерлеріне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою дағдыларын жетілдіріп, қызметтер арасындағы іс-қимыл тәртібін тағы бір пысықтады. Жаттығулардың нәтижесі бойынша облыстағы барлық қызметтердің қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларға толық дайын екендігіне көз жетті.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Осакаров ауданы



