АймақОсакаров

Осакаров ауданында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін Осакаров ауданында Мәдениет үйінде «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа қала мектептерінен жүздеген оқушы қатысып, «Бөгенбай батыр» жырын (жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы) жатқа айтудан сайысты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізіліп отыр.

Байқаудың ашылу салтанатында Осакаров ауданы әкімінің орынбасары Динара Көшкенова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал іс-шараға арнайы келген Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Алма Шалабаева мен «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Арман Қаспақов байқауда бақ сынап жатқан өрендер мен ұстаздарға рухани дем беріп, өнерлерін тамашалады.

Байқауға «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының Қарағанды облысындағы жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов, Осакаров ауданының білім беру бөлімінің әдіскері Гүлдана Шораева, Композиторлар одағының мүшесі, әнші, сазгер Анаргүл Наурызхан, Осакаров ауданы білім бөлімінің балалар өнер мектебінің директоры Ғалия Нұрсұлтан қазылық етті.

Сайыс барысында оқушылардың жырды кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы, мәнерлеп айтуы басты критерий ретінде ескерілді.

Нәтижесінде қазылар шешімімен Осакаров ауданы бойынша үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды:

1 орын (150 мың теңге) – Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектебі оқушысы Ақбота Асылболатқызы, дайындаған мұғалімі – Жанар Түсіпбекова.
2 орын (100 мың теңге) – Жамбыл атындағы мектептің оқушысы Алпамыс Идраш, дайындаған мұғалімі- Багизат Райсхан.
3 орын (70 мың теңге) – №22 мектептің оқушысы Мейрам Адетхан, жетекшісі – Баярбек Мусадахэм.

Айта кетейік, Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы қыркүйек айында жарияланған болатын. 6–10 сынып оқушылары арасында өтіп жатқан байқаудың аудандық (қалалық) кезеңі 20–28 қараша аралығында ұйымдастырылды. Ал облыстық кезең 10 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр.

Іріктеу кезеңінен суырылып шыққан жүлдегерлерді облыстық сында да бағалы сый-сияпат күтіп тұр. Бірінші орын алған оқушыға 1 000 000 теңге беріледі және Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінің грант иегері атанады. ІІ орынға – 500 000 теңге, ІІІ орынға – 250 000 теңге тағайындалған.
Сонымен қатар жеңімпаз оқушыларды дайындаған ұстаздардың да мерейі үстем болмақ. Айрықша атап кетерлігі, І орын иегерінің ұстазына жеңіл автокөлік сыйға беріледі.
Жалпы, байқауға облыс бойынша мыңнан астам мұғалімнің жетекшілігімен 4200-ге жуық оқушы қатысуда.

Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button