Осакаров ауданында полицияның заманауи Жедел басқару орталығы жұмысын бастады
Бұл – өңірдегі құқықтық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам.

Қазіргі таңда орталық жүйесіне қоғамдық орындар мен аудан орталығының көшелеріне орнатылған 109 бейнебақылау камерасы, сондай-ақ мектептер мен балабақшалардағы 900-ден астам камера қосылған. Бейнежүйе нақты уақыт режимінде тәулік бойы жұмыс істейді. Полиция қызметкерлері кез келген оқиғаға жедел ден қойып, қауіптің алдын алуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – заманауи технологиялардың тұрғындар қауіпсіздігін қорғаудағы нақты нәтижесі.
Салтанатты шараға Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Какажанов пен Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов қатысып, жаңа орталықтың жұмысымен танысты.
– Біздің бөлімде заманауи Жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады. Бұл жүйе ауданның қауіпсіздік деңгейін арттыруға, қоғамдық тәртіпті бақылауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға зор мүмкіндік береді. Бейнебақылау арқылы қазірдің өзінде 45 құқық бұзушылық анықталды, – дейді Осакаров аудандық полиция бөлімінің бастығы Әзиз Жұмағазиев.
Жаңа орталық полиция қызметінің тиімділігін арттырып, тәртіп сақшыларының жұмысын жүйелеуге жол ашады. Тәулік бойы үздіксіз бақылау жасау арқылы тәртіп бұзушылықтардың дер кезінде анықталуы қылмыстың азаюына, тұрғындардың өз қауіпсіздігіне деген сенімнің артуына ықпал етері сөзсіз.
Қоғамдық қауіпсіздік – әр азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан мұндай орталықтардың құрылуы мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі деуге болады. Осындай жүйелердің арқасында жол қозғалысы ережелерін бұзу, ұсақ бұзақылықтар, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік сияқты оқиғалардың алдын алуға болады.
Жақын арада орталықтың жұмыс аясын кеңейтіп, жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған зияткерлік камералар орнату көзделіп отыр. Бұл технологиялар халық көп жүретін жерлерде қауіп-қатерді ерте анықтап, күмәнді жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Осакаровка тұрғындары бұл жаңашылдықты жылы қабылдады. Олар бейнебақылау жүйесінің көбеюін қоғамдық тәртіпті сақтау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолы деп санайды.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Осакаров ауданы
Сурет облыстық ІІД баспасөз қызметінен.



