Астықты өлке Осакаров ауданының қойнауы құтқа толы. Нұр-Сұлтан бағытындағы автобанға аяқ артып, шамамен 100 шақырымды еңсерсеңіз, еңсеңіз тіктеліп, жазиралы жазық далаға мақтаныш сезіммен қарайсыз. Әлгі астықты алқаптың ажарына, берекелі тіршіліктің базарына қанығасыз. Міне, биыл осы ауданға 80 жыл толып отыр. Мерейтой аясында ауданда қандай шаралар қолға алынды? Соған толығырақ тоқталсақ…
Бұған дейін мерейтойға байланысты салтанатты шаралар, басқа да форматтағы дүниелер өтпейтінін хабарлағанбыз. Соған орай, тиісті қаражаттың басым бөлігі аудан орталығын абаттандыруға, жолдарды жаңартуға және әлеуметтік нысандарды жөндеуге бөлінді. Аудан халқы бұл шешімнің шарапатын көріп отыр, қазір. Айтайық, инфрақұрылымдық жобалар «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары шеңберінде іске асырылуда.
Мәселен, Сенокосное ауылының кіреберіс жолын асфальттауға 50 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Тағы сол сияқты Қарағайлы ауылына кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Асфальт төсемі 10 мың шаршы метрге салынып, жоба құны – 30 миллион теңгені құраған. Нәтижесінде 8 жұмыс орны ашылып, оған аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 4 жұмыссыз адам жұмысқа орналастырылыпты. Жөндеу жұмыстары «Қарағанды Жолдары» ЖШС күшімен жүргізілген. Сондай-ақ, Молодежный кентінің ішкі жолдарын да жөндеуден өткізіпті. Атап айтсақ, Сәтбаев, Графтио, Уәлиханов, Космонавт көшелерін тақтайдай тегіс еткен. Бұған дейін аудандарды дамыту бағдарламасы негізінде Абай, Мира, Ертіс, Аспандияр көшелерін жөндеуден өткізген. Жалпы айтқанда, кенттегі 54 көшенің жолдары теп-тегіс. Осы мақсатқа «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша шамамен 740 миллион теңге жұмсалды дейді мамандар.
Аудан орталығында демалыс саябағы және балалар алаңдары да көгалдандырылды.
Биылғы жылы күзгі ағаш егу науқанына орай 70 қарағай көшеттері отырғызылған. Көшеттерді «Озеленитель» ЖШС-нен сатып алыпты. Көшет отырғызуға жыл сайын жергілікті бюджеттен ақша қарастырылады. Өткен жылы кент келбетін ажарландыру мақсатында 33 қарағай, 15 шырша және 50 қайың отырғызылған. Биыл да бұл жұмыстың тамырына қан жүгірткен. Айтпақшы, аудан ажарының негізі – көше тазалығы ғой. Бұл ретте де атқарылған шаралар жоқ емес. Кент аумағынан есепке алынбаған қоқысты шығаруға 5 миллион 600 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ, кентте жаңадан 6 жерге қоқыс жәшіктері қойылған. Тағы да оңды шаруаның бірі – Аспандияр көшесіне салынған балалар ойын алаңы. Бұл жұмысқа бюджеттен 9 миллион теңге бөлінген. Не десек те, жаңа алаң балалардың көз қуанышына айналып отыр. Аула тұрғындарының да айтар алғысы зор. Иә, бұл жұмыстардың бәрі ауданның көркі үшін жасалды. Аудан басшылығы ауыз су мәселесін де ұмыт қалдырмапты. Коллектив ауылында су мұнарасы жөнделіпті. Мұнда 2 жұмыс орны ашылып, оған аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 адам жұмысқа тартылған. Дәл осы жұмыс Сенокосное ауылында да қолға алынған. Есіл ауылында су өткізу желілерін қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілген. Ауылда шамамен, 1500 адам тұрады. Бұған дейін тұрғындар су сапасынан қиындық көріп, бірнеше шағым жасаған екен. Есесіне, ол күндер артта қалып, тұрғындар таза суға қол жеткізіп, атқарылған жұмысқа ризашылықтарын жеткізіпті. Келесі Озерный ауылының 2 шақырым су құбыры да жөндеу жұмыстарынан өткен. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат сомасы – 15 миллион теңгені құрайды. Бұл шаруаға 2 адам жұмыспен қамтылды. Орталық аурухана ғимараты мен қосымша білім беру орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Сондай-ақ, мектеп және балабақша ғимараттары жөнделген.
«Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ертіс ауылы мектебінің шатырын жөндеу жұмысына 5 миллион теңге қаражат бөлінді. Мұнда да 1 азаматы жұмыспен қамтылған. Жауапты мердігер «Арғынтінек» ЖШС жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтапты.
Жалпы, ауданда 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынатын жобаларға 1 миллиард 562 миллион 718 мың теңге қаражат бөлінген. Басты мақсат жаңа жұмыс орындарын ашу болғандықтан, жұмыс нәтижесіз емес. Қолға алынған 36 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру бағытында 366 жұмыс орны ашылып, 199 жұмыссыз жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке араласты.
Сөз әлқиссасында Осакаров ауданының астықты өлке екенін айттық. Осы орайда биылғы өнім де, оның берекесі де мол. Мәселен, егін жинау науқаны нәтижесінде алқаптан 350,5 мың гектар өнім жиналды. Бұл аз десеңіз, 419,4 мың тонна астық, 348,2 мың тонна бидай, 63,4 мың тонна арпа, 4,4 мың тонна сұлы, 3,4 мың тонна масақ қоспасы терілді. Майлы дақылдардың жалпы түсімі 12,9 мың тоннаны құраса, 8,2 мың тонна картоп, 2,1 мың тонна көкөніс жиналыпты.
Ауданда 610 ауыл шаруашылық құрылымы бар екен. Астықты алқап болған соң, шаруашылықтың басым үлесі – дәнді-дақылдар. Осы жылғы дәнді-дақылдардың жаздық егістігі – 371,7 мың гектар. Бұл – жоғарғы көрсеткіш. Қажырлы еңбек. Берекелі өнім. Жаз бойы сарп еткен ерен еңбектің еш кетпегені.
Ауданның суармалы жерлерінің жалпы ауданы – 14 мың гектар. Цифрландыруды енгізу аясында ауданда 456,6 мың гектар егістікті немесе 108,8% цифрлау жүргізіліп, электронды карталар жасалды. Техника сатып алуға 6 миллиард 932 миллион теңге жұмсалыпты. Алдымыздағы жылы техника мен жабдықтар сатып алу, инвестициялық жобаларды іске асыруға 7 миллиард 137,4 миллион теңге қаражат қарастыру жоспарлануда.
Бұл аудан – Қарағандының құтқа толы қамбасы. Астықты алқабы бар ауданның ажары әлі де арта берері анық.
Қасымхан ҒАЛЫМ.
ОСАКАРОВ ауданы.