Осакаров өңірінің мәдени өмірінде өзіндік орны бар әнші, сазгер, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Анаргүл Наурызханның шығармашылығы ел жүрегіне жылы леп, рухани қуат сыйлап келеді. Жақында Осакаровка кентінде өткен «Отаным – Қазақстан» атты шығармашылық кеш те осы сөзіміздің дәлеліндей.

Кеш ел тәуелсіздігінің бастауы мен елдігіміздің белгісіне айналған Республика күніне орай ұйымдастырылып, өнерсүйер қауым үшін әдемі мерекелік тарту болды. Сахна төрінде туған жерге деген махаббат пен елдік рухтың үні жаңғырды. Кеш иесінің жүрегін жарып шыққан әндер көрермен көңілін баурап, рухани әсерге бөледі.

Анаргүл Наурызхан – еліміздің мәдениет кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі. Оның әндері бүгінде тек аудан сахнасында ғана емес, облыс, республика деңгейінде де едәуір танымал. Әндерінің тақырыптық өрісі кең. Көпшілік сүйіп тыңдайтын шығармаларының қатарында «Қарағанды мекенім», «Елім менің», «Табиғатым», «Аманат», «Қайран елім», «Киелі өнер», «Отаным – Қазақстан» сынды туындылар бар. Бұл әндерде туған өлкенің көркем бейнесі мен елге деген сүйіспеншілік үндесіп, әуен арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапқан.

Кеш барысында Анаргүл Наурызханның жаңа шығармалары алғаш рет тыңдарман назарына ұсынылды. Әр туындының өз бояуы, өз тарихы бар. Әуенмен өрілген әрбір ән көрерменді толғанысқа бөлеп, елге, жерге деген махаббаттың, азаматтық парыздың терең мағынасын жеткізді. Сазгер әндерінің сөзін Қалқаман Сарин, Асылбек Байжұмаұлы, Құсайын Ілімбай сынды танымал ақындар жазған.

Мерекелік кешке Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров, Қарағанды облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алма Шалабаева қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Олар өнерпаздың ел мәдениетіне қосқан үлесін атап өтіп, шығармашылық табыс тіледі. Кеш барысында сазгер еңбегінің жемісі саналатын «Елім менің» атты ән жинағының тұсаукесері өтті. Бұл жинақта соңғы жылдары жазылған таңдаулы туындылары топтастырылған.
Сахна төрінде сазгердің әндерін Даурен Төлеубаев, Жанна Тышқанова, Асылхан Шалқаров, Динара Дүйсембаева, Толғанай Бағдатова сияқты жергілікті өнерпаздар орындады. «Еркетай» би тобының мың бұралған бишілері кештің ажарын келтірді.

Анаргүл Наурызханның шығармашылық кеші туған ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің, өнерге деген адалдықтың көрінісі болды. Оның әндерінен туған өлкенің иісі, ананың мейірімі, қазақы болмыстың сазы естілетіндей. Кеш соңында орындалған «Құт мекен тұрағым» атты әні тыңдарманды ерекше әсерге бөлегені сезілді.
Кеште шырқалған әрбір ән-әуеннен елге деген ілтипат, ел тәуелсіздігімен мақтану сезімі есіп тұрды. Анаргүл Наурызханның шығармашылығы арқылы тыңдарман жүрегінде туған жерге деген сүйіспеншілік пен рухани бірлік сезімі оянды десек, артық айтқандық емес. Көптің көңілінде ұзақ сақталатын әдемі кеш болды.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Осакаров ауданы



