АймақБас тақырыпОсакаров

Осакаров ауданында ірі сүт-тауар фермасы салынуда

Осакаров ауданының Родников ауылдық округінде Eurasia Invest компаниясы салып жатқан 6000 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы пайда болады. Бұл еліміздегі сүтті мал шаруашылығы саласындағы құны 30 млрд теңгеден асатын ірі инвестициялық жобалардың бірі. СТФ-ның қуаты – жылына 9 мың тонна сүт. Оның іске қосылуы 180 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жобаның жүзеге асырылу барысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданына жұмыс сапары барысында танысты. 

Компания басшысымен бірге ол болашақ ірі нысанның негізін қалау құрметіне ескерткіш тас салды.

«Евразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади жобаның кезең-кезеңімен іске асырылатынын, бірінші кезек биыл іске қосылатынын айтты. Голштин-фриз тұқымды сиырлардың бірінші партиясы сатып алынды.

– Жоба бірегей, бір кешенде бірінші кезеңде 1200 бас, содан кейін екі есе көп болады. Жем-шөп базасы меншікті болады. Биылғы маусымда мың гектарға жуық жүгері мен жоңышқа егілді, – дейді Иван Георгиади. – Ауыл шаруашылығында біз үшінші жыл жұмыс істеп келеміз. Бірінші жылы танысу болды. Техника сатып алдық, бізде жабдықтарымыз ең заманауи. Екінші жылы суарумен айналыса бастадық – біз Мемлекет басшысының Жолдауын қолдап, нәтижесін көріп отырмыз. 2024 жыл озық жыл болды, себебі өзіміз үшін ірі жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жеңілдікті несиелендіруге өтініммен шықтық. Бізді қолдады. Ел мен облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді.

Кәсіпорын суармалы жерлерінің аумағын 10 мың гектарға дейін ұлғайтады. Жоба бойынша 120 жаңбырлатып суаратын машина орнатылады. Бұл өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 12 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы салынбақ.

– Бұл өте қажетті және маңызды жоба, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Жақында Нұра ауданында 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасын аштық. Жаңа бастамаларды ескере отырып, біз сүт зауыттарының отандық шикізатқа деген қажеттілігін толығымен жабамыз. Импорттық тәуелділікті төмендетеміз. Бұл Президенттің бізге қойған басты міндеті – импорттан бас тартып, өз өндірісімізді дамыту.

Биыл Осакаров ауданында егістік алқабы 450 мың гектарға дейін ұлғайды – өткен жылмен салыстырғанда 34,5 мың гектарға артық.

Мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де өсуде. Ірі қара мал, қой мен ешкі, жылқы басы көбейді. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесі шешілуде. Оған Қарағайлы, Сарыөзек, Озерный, Ақбұлақ, Шідерті ауылдық округтерінде және Молодежный кентінде іске асырылған «Жайлау» жобасы көмектесті. Биыл Есіл ауылдық округі қосылады.

Басқа материалдар

Back to top button