АймақБас тақырыпБасты тақырыпОсакаров

Осакаров ауданында ірі агроөнеркәсіптік кластер дамуда

Қарағанды облысының Осакаров ауданында «Евразия инвест LTD» ЖШС көпсалалы ауыл шаруашылығы кластерін құру жобасын іске асыруда. Жобаның жүзеге асу барысы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың ауданға жұмыс сапары кезінде таныстырылды.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Жоба Қарағанды облысы әкімдігі мен «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – ауыл шаруашылығын кешенді дамыту, отандық өнім көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Кластер аясында бірқатар нысандар пайдалануға берілген. Родниковское ауылында 10 мың тоннаға арналған элеватор іске қосылып, оның қуатын 80 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Сондай-ақ 17 мың тонна картоп сақтауға арналған көкөніс қоймалары салынды, SAUMAL құрғақ бие сүтін өндіретін зауыт тұрақты жұмыс істеп тұр.

Жобаның негізгі нысаны – Жансары ауылдық округінде салынатын 6 мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасы. Қазір 1200 басқа есептелген алғашқы кезеңі іске асырылуда. Көктемде Ресейден голштино-фриз тұқымды сиырлар жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар суармалы егіншілік дамуда: 4800 гектар алқапта заманауи суару жүйелері енгізілді, ал келесі жылы суармалы жер көлемін 10 мың гектарға дейін арттыру көзделіп отыр.

2026–2027 жылдары элеватор, майлы дақылдарды өңдеу зауыты, құрамажем өндірісі және жылына 10 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын салу жоспарланған. Жоба аясында шамамен 600 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобаны толық іске асыру өңірдің логистикалық әлеуетін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button