Осакаров ауданында Еңбек күні аталып өтті
Осакаров ауданында Еңбек күніне орай «Еңбек – ел жемісі» атты мерекелік дөңгелек үстел өтті. Шара Молодежный кентінің мәдени-спорт орталығында ұйымдастырылып, еңбек майталмандары, жұмысшы мамандық иелері, аудан басшылығы мен тұрғындар бас қосты.

Бұл күн елімізде 2014 жылдан бері қыркүйектің соңғы жексенбісінде дәстүрлі түрде аталып өтеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз». Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы да еңбектің қадірін айқындай түскен қадам.
Аудан әкімі Руслан Нұрмұханбетов құттықтау сөз сөйлеп, еңбек ардагерлеріне, өндіріс озаттарына шынайы ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде:
– Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек пен кәсібилік. Бүгінгі марапат – еңбекқор жандарға деген құрметтің белгісі, – деп атап өтті.
Мерекелік шара барысында ауданның бірқатар азаматтары ерен еңбегі үшін айрықша құрметке ие болды. Атап айтқанда, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен «Қ.Сәтбаев атындағы канал» кәсіпорнының қызметкері Күлпаш Әшірбекова, «Қазақмыс коал» ЖШС-нің мамандары Евгений Антипов, Татьяна Васильева, Риф Габаудуллин марапатталды.
Сонымен қатар, аудан әкімі ондаған өндіріс озаттарына, оның ішінде экскаватор машинисі, жүргізуші, дәнекерлеуші, зертханашы, слесарь сияқты сала мамандарының бірқатарына Алғыс хатын табыстап, ризашылығын білдірді.
Кеште Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы Қанат Саққұлақов, кәсіпорын басшылары мен сала жетекшілері сөз алып, еңбек адамын дәріптеудің маңыздылығын атап өтті. Жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, жиналған қауым мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Еңбек күні – әрбір азаматтың маңдай терін қадірлеуге, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға арналған мейрам. «Еңбек – ел жемісі» атты шара атаулы күннің маңызын арттыра түскендей.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Осакаров ауданы