Қос театр көлікті болды
Мерейлі мереке қарсаңында Кеншілер мәдениет сарайында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын мәдени бірлестік жетекшілерімен кездесіп, бірқатар қызметкерлерге марапат тапсырды. Мұнымен қоса, С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры мен К.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театрына жаңа автобус кілттерін табыстады.

Алқалы жиында әкім орынбасары Ерлан Бейсембайұлы қастерлі мейраммен құттықтап, биыл атқарылған мәдени жұмыстарға тоқтала өтті. Алдағы уақытта да мәдениет саласында үлкен жұмыстардың күтіп тұрғанын айтып, бірігіп жұмыс жасауға, жаңа жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Одан соң Қарағандының мәдениет саласына өз еңбектерін сіңірген бірнеше өнер адамдарына «Еңбек ардагері» медалін табыстады. Атап айтсақ, бұл марапат Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігі Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі Полатхан Ташимовқа, «Әуен» ансамблінің көркемдік жетекшісі Мунира Мұқажановаға, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің академиялық симфониялық оркестрінің әртісі Жанета Алдыхановаға және Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің джаз оркестрінің бас дирижері Игорь Андрейченкоға бұйырды.
Мұнымен қоса, екі үлкен театр ұжымына жаңа автобус кілтін табыстады. Енді, театр әртістері комфорт санатындағы жаңа автобуспен өңірлерге іссапарға шығады.
Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова аймағымыздың мәдени саладағы өткені мен бүгінін әңгімеледі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов елдігімізді айғақтайтын егемендігіміздің ғұмырлы болуына тілектестігін білдірді.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
Ortalyq.kz



