Қос орталықтың ашылуы қызмет сапасын арттырады
Көрменің басталуына 168 күн қалды
«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» акционерлік қоғамы Аккредиттеу орталығының және «ЭКСПО – 2017» көрмесінің қатысушыларына Бірыңғай қызмет көрсету орталығының тұсаукесерін өткізді.
Сервистік қызмет көрсету департаментінің директоры Дияс Азбергенов Орталықтың функционалдық мүмкіндіктеріне тоқталды.
Орталық «Бір терезе» принципі бойынша жұмыс істейді. Ол көрмеге қатысушыларға, секция комиссарларының кеңселеріне және олардың штаттық қызметкерлеріне қызмет көрсетеді. Дәлірек айтсақ, визалық қолдау көрсету, көші-қон есебі, салық салу, кедендік істер, авторлық құқық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Қазақстан Республикасының радиожиілікті спектрін қолдану саласындағы қызметтер ұсынылады.
Сондай-ақ, «Қазкоммерцбанк» АҚ тиісті банк қызметтерін ұсынады. Ресми қатысушылар Бірыңғай қызмет көрсету орталығында сақтандыру, логистикалық, консалтингілік, нотариалдық, аударма, әуе кассалары және экспресс-пошта қызметтерін де пайдалана алады.
Аккредиттеу орталығы да осы айда өз жұмысын бастап кеткен. Операциялық басқару және тәуекел-менеджменті департаментінің директоры Маркен Ахметовтің айтуынша, көрме аумағында және жеке нысандарда болғысы келетін барлық тұлғалар онлайн жүйеде тіркелуі тиіс. Және Қазақстанның құқық қорғау органдарында арнайы тексеруден өтеді. Мұндағы мақсат – көрмеге әзірлік және көрмені өткізу барысындағы қауіпсіздікті нығайту. Бұл орталықтың жұмысын ұйымдастыруда да әлемдік тәжірибе ескерілген.
Жалпы, көрмеге әзірлік қызу жүргізілуде.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық меретойына орай, көрме алаңында жаңа монумент ашылған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашқан монумент композициясы 25 жылдағы жетістіктерімізден сыр шертеді.
Соңғы деректер бойынша, 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындығын ресми растаған. 75 мемлекет ұлттық күнді өткізу мерзімін бекітті. Ішкі контентін толтыру, экспозицияларын орналастыру үшін 8 мемлекетке павильондар ұсынылды.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ