АймақБұқар жырау

Қос мерекені қатар тойлады

Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінің алдындағы алаңда Астана мен Ұлттық Домбыра күндері тойланып, оған келгендер әуелі сарытөбелік қолөнер шебері Жомарт Мәліктің жеке көрмесін көріп, танысты.

Суреттерді түсірген Жанұзақ Макишев

Мерекені осы алаңдағы сахна төрінен аудан ауылдарынан жиналған 60 домбырашы Құрманғазының “Сарыарқа” күйімен бастап, “Балбырауынымен” жалғады да, Түркештің “Көңілашар” күйін бебеулетті.

Келесі сәтте аудан өнерпаздары үлкен концерт берді. Әншілер Азамат Амантайұлы Шашубайдың “Ақ қайың”, Медет Осатаев Иса Байзақовтың “Желдірме” әндерін әуелете шырқап, “Самал”, Жалын”, “Тарланс” топтары өнер көрсетіп, “Арқа сазы” квартеті “Арман қала–Астана” әнін айтса,Жазираш Бимарденова мен Диас Ғабдолла күйтартыс жасады.

Сондай-ақ мерекеге жиналған жұртшылық жергілікті әншілер Қазбек Талашев, Темірбек Уаш, Әлия Төкентаева, Сая Халидолланың тамылжытқан әндерін құлақ құрыштары қанғанша тыңдады.”Гүлдер” би тобы орындаған “Ақ кербез”, “Бабалар рухы” әуеніндегі билерге де ел риза болды.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button