Қос ішекте мың әуен
Ұлттық домбыра күні қарсаңында облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада «Ән ғұмыр – мәңгі нұр» тақырыбында музыкалық сағат өтті. Онда облыстық термешілер сайысының лауреаты Гүлжәмила Мұхамедғалиқызы, айтыскер ақын Жандос Бақытұлы, Төтенше жағдайлар министрлігі №52859 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.
Кеште Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттерінен құралған «Жиделі» домбырашылар ансамблі көпшілік оқырманға әннен шашу шашып, ел арасына кең тараған күйлерді күмбірлете, нақышына келтіре орындады.
Атап айтсақ, домбыраның сүйемелдеуімен Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта», Абай Құнанбайұлының «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» әндерімен қоса, «Ерке сылқым», «Балбырауын» күйлері және «Алға, Қазақстан» әні жиынның көрігін қыздырды.
Сонымен қатар, Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – халық мұрасы» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, ондағы домбыра аспабының тарихы, түрлері, жасалу технологиясы, пайда болуы туралы аңыздар тілге тиек етілді. Домбыра шертуді үйрену және Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Дина сынды дәулескер күйшілердің күйлері туралы кітаптар мен фотоальбомдарына тоқталды.
Қонақтарға ән-күйлердің тарихы мен атауына байланысты аудио және жазбаша сұрақтар ұсынылып, тапқандарға сыйлық берілді. Іс-шараны кітапханашылар М.Түсіпбаева мен Ж.Алтынбекова ұйымдастырғанын атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz