Қос балуанның рухын асқақтатты
Республика күні Балқаш қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек ардагері Сағыжан Аманжоловты және Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, КСРО спорт шебері Сүйіндік Ариновты еске алуға арналған дзюдодан республикалық турнир өтті. Ағайынды спортшыларды еске түсіруге арналған турнирдың ашылу салтанаты «Балқаш қалалық спорт клубы» кешенінде ұйымдастырылды. Спорттық шараның ашылу рәсіміне облыстық мәслихаттың депутаты Рысқали Әбдікеров, Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов, мемлекеттік қызмет ардагерлері Елемес Түсіпбеков, Мейірхан Тәтибеков, спорт ардагері Нұрахым Ермағанов, бөлім басшылары және спортшылар қатысты.
Турнирдің шымылдығын түріп, спортшыларға сәттілік тілеген Рысқали Әбдікеров турнир маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, бұл турнир дәстүрге айналып, болашақта жыл сайын өтіп тұрады деген жоспар бар. Бұл туралы да айтып өтті.
– Әр доданың спортшыға берер ырзығы мол. Қос балуанның боз кілемде салған сара жолын оның талантты ізбасарлары табысты жалғастырары анық. Сондықтан да, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға жетелейтін осындай дәстүрлі жарыстардың алар орны ерекше болары сөзсіз. Өйткені, спорт әрбір жас ұрпақты туған Отанын сүюге, Атамекенін ардақтауға және олардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ерекше ықпал етеді. Спортшыларға сәттілік тілеймін! – деді Рысқали Әбдікеров.
Бұдан кейін боз кілем үстіндегі бәсеке қыза түсті. Жеңіске деген ұмтылыс, қайсарлық бұл жарыста айрықша байқалды. Нәтижесінде қарсыластарынан басым түскен 32 келі салмақта Аңсар Айбат, 35 келі салмақта Аслан Таласбай, 38 келі салмақта Мадияр Сағынған, 42 келі салмақта Аңсар Төлеуғазы, 46 келі салмақта Ерасыл Манатбек, 50 келі салмақта Абдурахман Оңғарсын, 55 келі салмақта Мансур Зейнелғабды, 60 келі салмақта Нұрдәулет Болат, 66 келі салмақта Ислам Халит, 73 келі салмақта Асылбек Кумурзак, +73 келі салмақта Бектас Рысқұл жарыстың чемпиондары атанды.
Айта кетейік, балуан Сағыжан Аманжолұлы есімі қазақ күресінің негізін қалаушы ретінде күрес жанкүйерлеріне етене таныс. Ол ұзақ жылдар Балқаш қалалық кеңесі атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде, Жезқазған облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде, Балқаш қалалық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Балқаш кен-металлургия комбинатының партия комитетінің партиялық бақылау комитетінің төрағасы, аталмыш өндіріс орнының идеология жөніндегі хатшысы, мемлекеттік мүлік жөніндегі Балқаш қалалық комитеті төрағасының орынбасары, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі Қарағанды аймақтық комитетінің Балқаш, Приозерск қалалары және Ақтоғай ауданы бойынша өкілі сынды қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Ал, бауыры Сүйіндік Аманжолұлы ҚазКСР-ның самбо бойынша чемпионы, КСРО-ның самбо бойынша спорт шебері атағын алған. Тек даңқты спортшы ғана емес талантты жаттықтырушы ретінде де көпшіліктің құрметіне бөленген азамат.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz