Приозерск

Қоржынтүбекте – қос мекерек

Көкше көлдің жағасындағы Қоржынтүбекте орналасқан Приозерск қаласына биыл 62 жыл толды. Шағын шаһар тұрғындары 28 шілде күні Приозерск қаласының және Сарышаған полигонының 62 жылдығын қатар мерекеледі.


Айта кетейік, әскери қала алғашқы қазығы қағылған күннен бастап, бүгінде еліміздің қорғаныс қуатына, тәуелсіздік игілігіне қызмет етіп келеді. Сондықтан, әскери сынақ полигонының әкімшілік, әлеуметтік тұрмыстық орталығы болып табылады. Тәуелсіздік алғанға дейін Приозерск қаласы жабық қала болып, Кеңес одағының картасында 70 жыл көрсетілмей келген. Бір уақытта «Полигон-А» енді, бірде «Ташкент-90» деген құпия шифрмен аталды. Ол 1956 жылы Орталық Комитет пен КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысымен бой көтерген.
Бұл туралы Приозерск қаласының әкімі Қайрат Амангелдіұлы құттықтау сөзінде тоқталып өтті.

– Бір кезеңде Қоржынтүбек атауы Приозерск болып өзгертіліп, сол кезде-ақ, әскери полигонның әкімшілік басқару орталығына айналған. 1961 жылы 4 наурызда полигонда баллистикалық ракетаның алдыңғы бөлігі атып түсіріліп, аспанда жойып жіберуді іс жүзінде дәлелдеп шықты. Бұл әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет болған еді. Қаланың да, полигонның да жағдайы одақ тараған жылдары қиындап кеткен еді. 1998 жылы Приозерск қаласында №44841 әскери бөлімі құрылды. Қазір қаланың жағдайы жақсаруда. Мұндағы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкерлер саны да артып, қосалқы шаруашылықтар ашылуда. Бүгінде қаланың мәдени өмірін қалыптастыруда да бірқатар шаралар жүзеге асырылуда, – деді Қайрат Амангелдіұлы.

Шаһар тұрғындары жылдағы дәстүрмен сүйікті қалаларының туған күнін ерекше атап өтті. Мереке орталық алаңда түн ауғанша жалғасты. Жергілікті ақын-композиторлардың әндері шырқалып, облыстан келген жас өнерпаздар жиналғандарға өз өнерлерін көрсетті. Мереке кешкілік әсем отшашумен аяқталды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button