АймақПриозерск

Қоржынтүбек қомақты табыс әкеледі

Қарағанды облысындағы Балқаш, Приозерск қалалары туризмнің тартымды нүктесіне айналады деген болжам бар. Балқаш қаласындағы туризмнің әлеуеті туралы бұдан бұрын жазған едік. Енді, Балқаш курорттық аймағына кіретін Приозерск қаласының тыныс-тіршілігіне үңіліп көрейік.

 

Бұрын Приозерск жабық әскери қала болды. Қазір Сарышаған полигонының әкімшілік орталығы. Қалада 300 орындық 8 қонақ үй жұмыс істейді. Бұған қоса, хостелдер мен шағын қонақ үйлер бар. 2014 жылдан бастап «Балқаш» емдеу-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Қаланың бас жоспары әзірленген. Рекреациялық-сауықтыру секторының бос жатқан учаскелеріне демалыс орнын салу көзделіп отыр. Бұл туралы Приозерск қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ахан Жүсіпов айтып берді.

– Қалада 803 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. 2022 жылы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде 165 миллион теңге сомасына 38 жоба іске асырылды. Биыл 189 миллион теңгенің 40 жобасы іске қосылады. Сонымен қатар, 82 миллион теңге сомасына бес шағын және орта кәсіпкерлік нысан іске қосылады деп күтілуде. Бұлардың басым бөлігі туризм саласын дамытуға бағытталып отыр, – дейді Ахан Жармаханұлы.

Сонымен қатар, қаланы көріктендіру, абаттандыру жұмысы да жолға қойылған. Жыл сайын көпқабатты үйлер ауласы жөнделеді. Бүгінгі таңда тек қала ішін емес, көл жағалауын да таза ұстау мен абаттандыруға жіті мән берілуде. Бұл мақсатқа қала бюджетінен қажетті қаражат бөлініп отыр. 2022 жылы Космонавтар көшесінің бойындағы жағажайды абаттандыру жұмысы басталған. Жаяу жүргіншілерге арналған жол төсенішін төсеу, балалар ойнайтын ойын алаңдарын орнату және көгалдандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Жұмыстарды осы жылдың маусым айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Одан соң аймаққа кәсіпкерлер тартылып сауда-саттық және балалар ойын-сауық орындары орналасатын болады.

– Қазір жергілікті кәсіпкерлер киіз үй тігіп, басқа да қызмет түрлерін көрсететін нысандар ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Алматы қаласынан инвестор балалар ойын-сауық кешенін жасауды қолға алды. Туризмді дамыту мақсатында жағажайлар белгілі аймақтарға бөлініп демалыс орындарын, қонақ үйлер, профилактория салу жоспарланып отыр. Заңға сәйкес кәсіпкерлікке арналған жер телімдері аукционға қойылады. 2023-2026 жылдар аралығында 10-нан аса жобаны кәсіпкерлер жүзеге асыратын болады. Бұл өз кезегінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді, – дейді Ахан Жүсіпов.

 

Бүгінде Приозерск өңіріндегі кәсіпкерлер көл жағасында пайда тауып, түрлі қиындықтан да біртіндеп өтуде. Маусымдық туризм ауа райына тәуелді. Өйткені, табиғаттың аты – табиғат. Дегенмен, қиындықты жеңу арқылы шыңдалу уақыт талабы деп біледі қала кәсіпкерлері.

Ал, «Балқаш» емдеу-сауықтыру кешенінің басшысы Мансур Ахметовтің айтуынша, кешенге келушілер қатары жылдың 12 айында сиремейтін көрінеді.

– Бұл шипажай бірінші кезекте қарағанды аймағы мен көршілес облыстардың тұрғындарын сауықтыру үшін салынды. Бұл жерде әлемдік стандарттар мен талаптарға сай жағдай жасалған. Шипажайда тыныс, жүрек-қан тамыры, перифериялық жүйке және несеп шығару жүйелерінің, тірек-қозғалыс аппаратының ауруларына шалдыққан азаматтар көмек ала алады. Мұнда су, физио, жылумен емдеу, тұз шахтасы, лазер терапиясы, гелиотерапия, саз аппликациясы және емдеудің басқа да тәсілдері қолданылады. Алты блоктан құрылған кешен 150 орынға арналған 120 нөмірді қамтиды. Клиенттерге мейрамхана, оқырман залы бар кітапхана, кино және концерт залы, балалардың бос уақытын ұйымдастыру орталығы, интернет-кафе және сауықтың басқа да құрылымдары қызмет етеді. Бұдан бөлек, мұнда спорт зал, жабық бассейн, боулинг залы, денешынықтырумен емдеу залы, фитнес-орталық бар. Ғимараттардың жалпы аумағы шамамен 22 мың шаршы метрді қамтиды, – дейді Мансур Талғатұлы.

Жаздың үш айында айтулы кешенге келушілердің саны 4500 адамды құрайды екен.

Туризмнен түскен табыс халықтың тұрмысының көтерілуіне игі ықпалын тигізері сөзсіз. Туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан, ауқымы кең сала. Ол мемлекеттің экономикалық қуатын күшейтіп қана қоймайды, адамдардың экологиялық мәдениетін арттыруда да маңызды рөл атқарады. Көл жағасындағы Приозерскіде туристік кластерді дамыту жолында әкімдіктің жүйелі жоспары бар, мақсаты айқын. Енді, тек жоспар жолға қойылып, мақсат орындалса дейміз.

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button