АймақПриозерск

Қоржынтүбек қоқыстан тазарады

Приозерск қаласында «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізу жолға қойылды. Алдағы уақытта қалада тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Бұл туралы қала әкімі аппаратының апталық отырысында қала басшысы Мансұр Ахметов тазалық пен абаттандыру мәселелерін шешудің жаңа жоспарын әзірленгендігін мәлімдеді.

Суретті түсірген автор

– «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдыру керек. Тазалық талаптарын сақтаған көше тұрғындарын, мекемелерді ынталандыру шараларын әзірлеуді жүктеймін. Қала аумағын санитарлық тазарту және абаттандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқандығын көріп отырмын. Күн сайын коммуналдық қатты қалдықтар полигонына қоқыс шығарылады. Ағаштардың қураған бұтақтары кесіледі. Көшелер мен тротуарлар сыпырылып, көлік жүру бөлігі ылғалдандырылады. Көгалдардағы шөп шабылып, ғимараттар, жол белгілері сырлануда. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Приозерск қаласында «Таза бейсенбілік» тұрақты түрде өтіп келеді. Менің қолымдағы мәліметке сүйенсек, іс-шараға 13 ұйым, 151 адам, оның ішінде «Жасыл ел – 2024» еңбек жасағының 32 сарбазы қатысқан екен. Балқаш көлінің жағажайларында демалғысы келетін туристер ағыны артып келеді. Біз тазалық пен тәртіпті сақтауға, туған өлкенің экологиясын сақтауға жұмыла жұмыс жасауымыз керек, – деді Мансұр Ахметов.

Қала басшысының айтуынша, санитарлық тазалауға және абаттандыруға 5 арнайы мамандандырылған техника тартылған. 10 қоқыс жәшігі мен 2 қоқыс алаңы жөнделген. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 52 тонна қоқыс шығарылған. ҚР ӘҚБтК 505-бабына сәйкес 3 ескерту және тәртіпке бағынбағандарға 3 айыппұл салынған. Достық көшесі №7, Пушкин көшесі №5 мекенжайындағы көпқабатты үйлердің қасбеттерін сырлау және жаяу жүргіншілер жолына тас төсеу жұмыстары басталған. Жалпы аумағы 4 190 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, маусым айында қосымша 50 дана көшеттер отырғызылған.

Айта кетейік, Приозерск қаласында көпшілікті тазалыққа, табиғатқа жанашырлық танытуға үндеген шара тек мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлері тарапынан ғана емес, жергілікті тұрғындардың да қызу қолдауына ие болуда.

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button