Бас тақырып

Қоржында 10 медаль

Қарағандыда әуесқой бокстан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Мұндай деңгейдегі жарыс кеншілер шаһарында 2007 жылдан бері өткізілмеген. Биылғы дода КСРО спорт шебері, ҚазКСР-ның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповтың 85 жылдығымен тұспа-тұс келді. Бастысы – жарыста сенсациялық жеңістер болды және жаңа жұлдыздар жарқырады. Әсіресе, қарағандылықтар жарады.

Сурет teamqazaqstan

Париждегі Олимпиадаға Қарағандыдан баратын боксшы табылмағаны алаңдатып еді. Талай даңқты былғары қолғап шеберлерін дайындаған шаһар ғой бұл. Бұл чемпионатта 75 келі салмақ дәрежесінде Тимур Нұрсеитов алтын алды. 27 жастағы боксшы финалға дейінгі кездесулер де сенімді жұдырықтасып, чемпионаттың фавориті екенін көрсетті. Солақай боксшы ақтық сында Атыраудан келген Нұрқанат Райспен қаша жүріп жұдырықтасып, үздік техника көрсетті. Ол – Қарағанды бокс мектебінің түлегі. Қазір Астанада жаттығып жүр. Дегенмен, іргетасын Қарағанды мектебі қалап берген. Былтыр Қазақстан спартакиадасында топ жарған астаналық Темірлан Мұқатаев та 86 келі салмақ дәрежесінде мықтылығын мойындатты. 71 келінің алтыны Батыс Қазақстан спортшысы Сабыржан Аққалықовтың қанжығасында. Финалда алматылық Фарух Тоқтасынмен шоу көрсете алды. 80 келіде қызылордалық Азамат Бектас атой салды. Финалдағы қарсыласы – ақтөбелік Дәулет Төлемісов. 92 келі дәрежесінде Қарағандының үмітін арқалаған Нұрмағанбет Юсупов финалда сүрінді. Ол алматылық Данияр Рахымбердиновтан айласын асыра алмады. +92 келіде түркістандық Нұрлан Сапарбай өзінің жерлесі және бауыры Даниал Сапарбайды жеңіп, алтын медаль еншіледі.

Ақмола облысынан келген Теміртас Жүсіпов 48 келі салмақ дәрежесінде, Батыс Қазақстаннан келген Даниал Сәбит 51 келі салмақ дәрежесінде, ақмолалық Тимур Қабдешов 57 келі салмақ дәрежесінде, Абай облысынан келген Дәулет Молдашев 57 келіде жеңіс тұғырынан көрінді. Қарағандылық Талғат Сырымбетов 60 келіде үздік болды. Ол ақтық сында талантты боксшы Серік Теміржановты ұтты. Бұл чемпионаттағы үздік боксшылардың бірі болды. Талғат Сырымбетов ¼ және жартылай финалда қарсыласын нокдаунға түсірді. Қарсыластарының барлығы бойшаң болғанын да атап өткен жөн. Оң қолымен құлаштап ұрған соққыларын дөп деген жеріне тигізген Талғат Сырымбетов жанкүйерлердің ықыласына бөленді.

63,5 келіде алматылық Ертуған Зейнуллиновтың жұлдызы жарқырады. Ұлттық құраманың үздік боксшысы, әлем чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырханның туған інісі Төрехан Сабырхан ересектер арасындағы ел біріншілігіне тұңғыш рет қатысты. Жасөспірімдерден енді ғана ауысса да, финалда тәжірибелі Санатәлі Төлтаевтан(Маңғыстау) басым түсті. Чемпионатта жұлдызы жарқырағандардың бірі осы – Төрехан Сабырхан. Аяқпен көп қимылдап, қос қолын төмен түсіре соққылардан жалтарып, әдемі жекпе-жек көрсетті. Сөйтіп, чемпионаттың «Үздік боксшысы» деп мойындалды.

Қарағанды облысы Қазақстан чемпионатынан 10 медаль алды. 3 алтын, 2 күміс, 5 қола. Жерлесіміз Анита Адишева 52 келі салмақ дәрежесінде облыс қоржынына алтын салды. Ерлер арасында Рамазан Нұрлыбаев 51 келі салмақ дәрежесінің қоласын қанжығалады. Әйелдер арасында 50 келі салмақ дәрежесінде Гүлнар Тұраппай күміске қол жеткізді. 50 келіде Гүлназ Бүрібаева, 52 келіде Томирис Мырзақұл, 75 келіде Азиза Исина, 81 келіде Камила Бажбенова қоланы мүсе тұтты. Медаль саны бойынша Қарағанды облысы төртінші орында. Бірінші орында – Алматы қаласы (3 алтын, 4 күміс, 10 қола), екінші орында – Астана (5 алтын, 2 қола), үшінші орында – Шымкент (3 алтын, 5 күміс, 2 қола).

Бокстан спорт шебері Назым Қызайбай әйелдер арасында «Үздік боксшы» атанды. Ол 48 келіде қарсылас шақ келтірмеді. «Үздік жаттықтырушы» атағы Дархан Дүйсенбековке берілді. Бақытжан Бекпенбетов «Үздік рефери», Ерлан Ғазизов «Үздік төреші» атанды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button