Спорт

Қоржын толы жүлдемен оралды

Кекушинкай каратэден Ақтөбеде өткен ел чемпионатында жерлестердің қанжығасы бос қайтпады. Елдің түпкір-түпкірінен мыңға жуық спортшы бас қосқан байрақты бәсекеде жерлестер 30 жүлде жеңіп алды. Оның тоғызы – алтын, тоғызы – күміс болса, 12-сі – қола медаль. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді «Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы» РҚБ Қарағанды филиалының директоры Тимур Райымбеков арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Әрі ақшалай сыйлық табыстады.

Суреттер облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан

1950 жылы жапондық шебер Оямо Масутацу кекушинкай каратэнің негізін қалаған еді. Содан бері каратэмен шұғылданатындардың қатары жыл сайын артып, бүгінде әлем бойынша миллионнан асыпты. Ал, елімізде «Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымы»  құрылып, жастарды спортқа баулу мақсатында жұмыс істеп келеді. Бүгінде ел бойынша кекушинкай каратэмен айналысатын жастардың саны 40 мыңға жуықтаса, облыстағы жастардың саны 8 мыңнан асқан. Қазіргі уақытта өңірдегі барлық елдімекенде каратэ мектебі бар. Ал, жалпы жаттықтырушылардың саны – 90-ға жуықтаған. Тимур Райымбеков кездесу барысында осы спорт түріне қызығушылық танытқан спортшылардың қатары артқандығын баса айтты.

– Аталған чемпионатқа өңірден 90-ға жуық спортшы қатысып, 30-ы жүлдемен оралды. Бұл – керемет көрсеткіш. Әрі жалпыкомандалық есепте ІІ орын иелендік. Енді тоғыз чемпионымыз Жапонияда өтетін әлем чемпионатына барады. Ал, қараша айында Аустралияда өтетін кубокқа қатысады. Каратэшілеріміз жарап тұр. Ұлттық құрама спортшыларының 60 пайызы – біздің спортшылар, – деді ол.

Чемпионатқа 12-22 жас аралығындағы спортшылар қатысып, әр салмақ дәрежесінде сынға түсті. Солардың қатарында 81 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз Жасұлан Медет осымен екі дүркін чемпион атанып отыр. Былтыр 70 келі салмақта қарсылас шақ келтірмесе, биыл салмақ ауыстырып, қарсыластарын қапы қалдырған.

– Әуелі кіл мықтыны анықтау үшін облыстық және республикалық іріктеу турнирі өтті. Мен сол турнирлерден жолдама иелендім. Өзім каратэмен сегіз жылдан бері айналысамын. Былтыр 70 келіде жұдырықтасқан қарсыластарым салмақ ауыстырмапты. Биылғы қарсыластарым осал емес. Әрі соққылары да ауыр. Жаңа салмаққа ауыстатын болған соң жаттығу жұмыстарын мықтап қолға алып едім. Нәтижесінде, үздік шықтым. Енді көп ұзамай әлем чемптонатына дайындықты бастаймын, – деді Жасұлан Ержанұлы. 

Ербол ЕРБОЛАТ

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button