Қоржынға қола түсе бастады
Бокстан Ұлыбритания астанасы Ливерпульде өтіп жатқан 2025 жылғы әлем чемпионаты да аяқталуға жақын қалды. Отандастарымыз ширек финалдың қорытындысы бойынша сегіз жүлдені қоржынға салды. Солардың қатарында 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Аида Әбікеева да бар. Бірнеше боксшымыз да жарыс жолынан шығып қалды. Олай болса, жарыстың жетінші күнгі қорытындысына назар аударайық…

Аида Әбікеева ширек финалда 2020 жылғы Олимпиада чемпионы түркиялық Бусеназ Сюрменелимен жұдырықтасты. Бұған дейін қос қарсылас Астанада өткен Әлем кубогында қолғап түйістірген болатын. Өкінішке қарай, Аида ол жекпе-жекте есе жіберген. Осы жолы ширек финалда кездесіп, бұл жолы қателікке бой алдырмады. Түркиялық боксшы – осал емес. Осы жолы да жеңіс қарсыласқа өтіп кете ме деген іштей қорқыныш болды. Алайда, жерлесіміз бұл турнирге мүлдем басқа деңгейде өнер көрсетті. Алғашқы минуттан-ақ шабуыл жасап, барынша қыспаққа алды. Қорғаныста да керемет қорғана білді. Нәтижесінде жерлесіміз төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетіп, сенсация жасады. Ал, Олимпиада чемпионы осы жерден жарыс жолынан шығып қалды.
Ұлттық құрама сапында 51 келіде жұдырықтасқан Алуа Балқыбекова да Тайбэй боксшысы И-Сюань Гуомен кездесуінде жеңіске жетті. Сонымен қатар, 80 келіден жоғары салмақтағы Елдана Тәліпова, 80 келіге дейінгі салмақтағы Гүлсая Ержан да қарсыластарынан басым түсті. Бірақ, 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Карина Ибрагимованың жұлдызы оңынан тумады. Ол «Париж-2024» Олимпиадасының күміс жүлдегері Польша боксшысы Юлия Шереметамен кездесіп, есе жіберді. Отандасымыз алғашқы раундта қарсыласынан басым түскен еді. Дегенмен, польшалық боксшы екінші және үшінші раундта кездесуді өз пайдасына шешіп, Каринаны жарыс жолынан шығарды.
Ерлер құрамасы сапында 55 келіге дейінгі салмақтағы қолғап түйістірген Махмұд Сабырхан жапониялық Руй Ямагучиді жеңді. 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен бауыры Төрехан Сабырхан да жүлдегерлер қатарына ілікті. 90 келіге дейінгі салмақтағы Сағындық Тоғамбай да жүлдегерлер қатарында. Ол өзбекстандық Турабек Хабибуллаевпен қолғап түйістіріп, ел қоржынын жүлдемен қамтамасыз етті. 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай Хорватия елінің өкілі Лука Пратлячичпен өзара мықтыны анықтады. Үш раунд бойы хорватиялық қарсыласына еш мүмкіндік бермей, жүлдегерлер қатарына ілікті.
Өкінішке қарай, ерлер құрамасы сапынан жарыс жолынан шығып қалған боксшыларымыз да жоқ емес. 60 келіге дейінгі салмақтағы Бейбарыс Жексен ширек финалда «Париж-2024» Олимпиадасының жеңімпазы өзбекстандық Абдумалик Халоковпен кездесті. Өкінішке қарай, отандасымыз чемпионнан айласын асыра алмады. Одан бөлек, 65 келіге дейінгі салмақтағы шаршы алаңға көтерілген Ертуған Зейнуллинов та ширек финалда «Париж-2024» Олимпиадасының чемпионы өзбекстандық Асадхуджа Муйдинхужаевтан жеңіліп қалды.
«Париж-2024» Олимпиадасының күміс жүлдегері, 80 келіге дейінгі салмақта қолғап түйістірген Нұрбек Оралбай өкінішке қарай әлем чемпионатын медальсіз аяқтады. Отандасымыз 1/4 финалда өзбекстандық Жавохир Уматалиевпен кездескен болаты. Айта кетейік, Нұрбекке осыдан біршама уақыт бұрын ота жасалған еді. Отадан кейін қайта қалыпқа келіп, шаршы алаңға шыққан спортшының әлі де бабына келе алмай жүргенін көруге болады. Әрине, жұдырықтасуына мін таға алмаймыз. Дегенмен, әлі әлем чемпионы деңгейіне жете қоймағаны байқалды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»