Спорт

Қоржынға қола түсе бастады

Астана төрінде өтіп жатқан бокстан Әлем кубогы қызған шағына аяқ басты. Әр күн сайын жанкүйердің делебесін қоздырған айқастар бірінен соң бірі өтіп жатыр. Жарыстың екінші күнгі кешкі бағдарламасы отандастар үшін табысты аяқталды. Шаршы алаңға алғашқылардың бірі болып шыққан Назым Қызайбай жартылай финалға жолдама алды. Сонымен қатар, 50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Санжар Тәшкенбай, 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Сағындық Тоғамбайдың да қоржынында кемі қола жүлде бар…

Сурет olympic.kz

Жанкүйерлер асыға күткен жекпе-жектердің бірі үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайдың кездесуі еді. 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Назым өзбекстандық Фарзона Фозиловамен қолғап түйістірді. Тартысты өткен үш раундта екі боксшы да аянып қалмады. Алайда, тәжірибе мен тактиканың нәтижесінде отандасымыз қарсыласынан басым түсті. Осылайша, Назым Қызайбай жартылай финалға өтіп, кем дегенде қола жүлдені еншіледі.

Ал, 51 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Алуа Балқыбекова АҚШ-тың үміті Дженифер Лозаномен қолғап түйістірді. Бірінші және екінші раундтың шешімі бойынша қос қарсылас тең түсті. Шешуші раундта Алуа барын салып, жеңісті жұлып әкетті.

80 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған отандасымыз Гүлсая Ержан үндістандық Рани Пуйямен қолғап түйістірген болатын. Қарсылас – осал емес. Шапшаң әрі ұрымтал соққыларымен отандасымыздан әлдеқайда басым түсті. Төрешілер шешімімен жеңіс үндістандық боксшыға берілді.

Ерлер арасындағы бәсекеде 50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбай жарысты бірден ширек финалдан бастады. Жапониялық Шодай Котоға қарсы өнер көрсетіп, қарсыласына мүмкіндік қалдырмады. Үш раунд бойы жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсеткен ол төрешілердің бірауызды шешімімен жартылай финалға жолдама алды. Қазірдің өзінде оның қоржынында кемі қола медаль бар.

Әлем кубогының үшінші күні де тартысты өтті. Шаршы алаңға шыққан тоғыз бірдей отандасымыздың жекпе-жектері жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Күннің басты жекпе-жектерінің бірі 85 келіге дейінгі салмақтағы Бекзад Нұрдәулетов пен аустралиялық Лахлан Лоусен арасындағы кездесу болды. Отандасымыз үш раунд бойы қарсыласын қыспаққа алып, соққыларын дарыта білді. Нәтижесінде, төрешілердің бірауыз шешімімен отандасымыз жартылай кезеңге жолдама алды. Ал, бұл дегеніңіз отандасымыздың қоржынында кемі қола жүлде бар деген сөз.

Әйелдер арасындағы кездесулер де ерекше өтті. 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Виктория Графеева Түркия құрамасының боксшысы Гизем Озермен жұдырықтасты. Алғашқы екі раундта екеуінің ұпайы тең түсті. Бірақ, шешуші раундта Виктория айқын басымдық танытып, жеңіске жетті.

Сол күні шаршы алаңға алғаш рет көтерілген Аида Әбікеева да қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Отандасымыз 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, 1/8 финалда Ұлыбритания спортшысы Дионе Бурманмен күш сынасқан еді. Жекпе-жек басталысымен-ақ қазақстандық спортшы басымдықты өз қолына алды. Осылайша ол да қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге жолдама иеленді.

Ерлер арасындағы 65 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Ертуған Зейнуллинов 1/8 финалда түркиялық Ахмет Пекельмен жұдырықтасты. Отандасымыз алғашқы минуттан-ақ қарсыласын соққының астына алып, ұпай айырмашылығымен жеңіске жетті. Енді ол жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салады.

Ал, 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Сағындық Тоғамбай ширек финалдық кезеңде америкалық Малакай Джорджеспен қолғап түйістірді. Отандасымыз жылдам шабуыл мен қарсылас шабуылына қарсы жедел жауап қайтарып, сенімді жеңіске жетті. Осылайша, отандасымыз Әлем кубогының жартылай финалына өтіп, кем дегенде қола жүлдеге ілікті.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button