Жаңалықтар

Орындалған арман

Қолымыздан көп нәрсе келеді. Әрине, ең бірінші бірдеңені бастау үшін ниет керек. Одан кейін шыдамдылығың мен төзімділігің сыналады. Ал, еңбекқорлығың өз алдына бір бөлек. Осы қасиеттер емес пе адамды өсіретін де, өшіретін де. Мұны неге айтып отыр дерсіз?! Жұмыспен қамту орталығының грантын ұтып, фотосалон ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған Ділмұрат БОРАНБАЕВТЫҢ еңбегін көріп, осындай ой түйдік.

Сурет интернеттен алынды

Фотосалон іздеп, қала шарлап кететін дәуірдің келмеске кеткені қашан? Қазір бәрі керісінше. Не көп? Дүкен, ломбард, дәріхана және тағысын тағы. Бұл қатарға біз сөз етіп отырған фотосалонды да қосып қойыңыз. Мысалы, Қарағандының бір ғана Оңтүстік-Шығыс бөлігінде қаншама фотосалон бар. Қызмет көрсету сапасы бірінен-бірі өтеді. Тіпті, жарнамасы да жер жарып тұр. Бір қарағанда осынша бәсекелестің арасында жұтылып кетуің әбден кәдік. Алайда, Ділмұрат соған қарамастан жан қалауындағы кәсібін ашып, дөңгелетуде.

Фотоға түсіруді мектеп қабырғасында үйрендім. Табиғатты, түрлі көріністі түсіргенді жаным сүйеді. Бір сөзбен айтқанда – хоббиім-тін. Кейін «Неге фотосалон ашпасқа?» деген ой келді. Ол үшін сурет шығаратын түрлі аппарат, орын керек. Осының бәрі қаржыға келіп тірелді. Ал, қолымда жиған-терген ақшам болмады. Сонымен не керек, сөйтіп жүргенімде жұмыспен қамту орталығы беретін грант жайлы естіп, ақпарат алдым. Қазір міне, хоббиім болған дүниені бүгінде сүйікті кәсібіме айналдырдым, – дейді Ділмұрат Боранбаев.

Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінен шағын орынды жалға алып, жұмысын бастап кеткен. Грант ақшасына сурет шығаратын құрылғы және ыдыстың сыртына сурет басатын арнайы аппарат алған. Құжатқа арналған суретіңізді де бірнеше минуттың мұғдарында шығарып, қолыңызға ұстатады. Фотосалонның ашылғанына көп болмаса да, күнделікті тұтынушылар саны едәуір артып келеді. Арманыңа жету жолындағы кедергілерге төтеп бере алмай, қолды бір сілтейтін әдет – сіз бен біз үшін таңсық емес. Одан қала берді, сол нәрсені іске асырудың орнына керісінше, сылтау ойлап тауып, жұмысты ауырлатып жіберетініміз де өтірік емес. Біз бұны жалқаулық дейміз бе? Әлде, басқаша қандай анықтама береміз?..

Ділмұраттың осы бір бастамасының артында үлкен жетістік жатқан болар, кім білсін?!

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button