«Ortalyq Qazaqstan» – елмен бірге жасасып келе жатқан басылым
Біз «Орталық Қазақстан» газетін сонау 1970 жылдардан бері үзбей оқып келеміз. Ол кезде таңертең ұйқыдан тұрған бетте қолымыздың іздейтіні алдымен кітап пен газет болатын. Газет ауылдағы қарапайым еңбек адамына да, қаладағы зиялыға да бірдей жететін рухани азық еді. Еліміздің, өңіріміздің тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан игі істер, қоғамдағы өзгерістер – бәрі баспасөз арқылы салт-санаға сіңеді.

Уақыт өте келе мен де ептеп мақала жаза бастадым. Бір-екі ауыз сөзіміздің газет бетінде жарық көруі біз үшін үлкен зор мәртебе болатын. Ол кезде баспасөзге шыққан әрбір пікір – жауапкершілік, азаматтық мінез еді.
Газет – халықтың құлағы, көзі һәм тілі. Газет – қоғамның бұлтарыстарын көрсететін айна, ұлттың үнін тыңдайтын құрал, елдің бірлігі мен берекесін бекемдейтін ой алаңы. Баспасөз арқылы біз өткен күннің белгісін, бүгінгі күннің бағасын, ертеңнің бағдарын парақтап отырамыз. Әр кезеңнің айқын белгісі газет бетінде қатталып, жылдар өткен сайын құнды шежіреге айналады.
Біздің отбасымызда газетке жазылу ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан ғұрыпқа айналды. Жаһандану дәуіріндегі цифрлық ақпарат тасқынына жұтылып кетпеудің, өз тамырыңды жоғалтпаудың бірден-бір жолы – газет оқу екені кәдік.
Газетке жазылу арқылы әр адам өзінің азаматтық ұстанымын, қоғаммен байланысын бекіте түседі. Бүгінгі заман алуан ақпаратқа толы болғанымен, сарапталған, сүзгіден өткен ақпаратты табудың өзі қиынға соқты. Дамыған мемлекеттердің бәрінде де баспасөз миллиондаған тиражбен таралады. Зияткер қоғамның қалыптасуы, ұлттық дүниетанымның нығаюы дәл осындай тұрақты ақпарат арналарына сүйенеді.
Сондықтан да, қазіргі жазылу науқаны кезінде барша ағайынды аймақтың бас басылымына жазылуға шақырамын. «Орталық Қазақстан» – өлкеміздің шежіресі, елдің жадын жаңғыртып отыратын зерделі мінбер, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын рухани арна. Газет – біздің күнделікті өміріміздің ажырамас серігі, елдік ойдың күретамыры.
Қадірлі оқырман, баспасөзді қолдау – руханиятты қолдау. Руханияты мықты елдің болашағы да мықты болады.
Тұңғышбай МҰҚАН,
өлкетанушы, Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы»



