Руханият

«Орталық» жаққан жұлдыздар

Жүрсін ЕРМАН, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын

Менің қалам ұстағаннан бергі тағдырым «Ortalyq Qazaqstan» газетімен тікелей байланысты. 1968 жылдың көктемінде Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының басшысы Жайық Бектұров ағамыз мені Жездіден Қарағандыға шақыртып, Жәкеңнің өзі бар, Мақсұт Байсейітов, Орынбай Аймағамбетов ағаларымыз алғашқы шығармаларымды талқылаған. Сонда Мақсұт Байсейітов ағамның алғысөзімен өлеңдерімді «Ortalyq Qazaqstan» газетіне алғаш жариялаған күнді әдебиеттің есігін аттаған күнім деп білемін. Содан бері бұл газетпен байланысым үзілген емес. Үнемі оқып отырамыз. Сондықтан, бүкіл Орталық Қазақстанның сөзін сөйлеп отырған облыстық газеттің орны біз үшін аса ерекше, қадірлі. Осы газетті басқарған азаматтар – Рамазан Сағымбеков, Рымқұл Сүлейменовтермен жақсы сыйлас болдық. Кешегі Мағауия Сембайдың да еңбегін айрықша атап өткен жөн.

Қазақстан журналистерінің мерекелік күні ресми түрде белгіленгені өте бір ерек шаруа болды. Кеңес үкіметі кезінде 5 мамырды «Баспасөз күні» деп мерекелеуші едік. Енді міне, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қазақ журналистикасының күні белгіленді. Қарағандылық баспасөз қызметкерлерін келіп жеткен төл мерекесімен құттықтаймын.


Мақпал ЖҮНІСОВА, ҚР Халық әртісі

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ortalyq Qazaqstan» газетінің сол кездегі редакторы Мағауия ағамызбен кездесіп, тамаша сұхбат құрған едік. Ол кез әлі де есімде. Өнерді ғана емес, жалпы барлық тақырыптарды қаузаған болатынбыз. Жалпы, сіздердің газеттеріңізге бірнеше мәрте сұхбат бергенмін. Мектепте жүріп, өнерге алғаш қадам басқан кезімде де «Ortalyq Qazaqstan» газеті жазып еді. Сондықтан, сіздердің газеттеріңізге ішім жылып, жақын тартып тұрамын.

Келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Оқырмандарыңыз көп болсын! Қаламдарыңыз мұқалмасын! Жақсы жаңалықтың жаршысы болыңыздар. Қазақстандықтар сіздер арқылы халыққа жаны ашитын, жағдайын ойлап, еңбек етіп жүрген жақсы адамдарды халық тани берсін! Біздің Қарағанды облысы көркейе берсін, халық көңілі шаттықта болсын. Қайғы-қасірет алыс болсын. Өздеріңізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеймін!

Басқа материалдар

Back to top button