Жаңалықтар

«Орталық» жаққан бір жұлдыз

Ғасырға жуық уақыттың шежіресі жазылған басылымды парақтай  жүріп, біраз  жайттың парқы мен нарқын  ұғындық. Осы өткен 90 жылда шығармашылық құрам бірнеше мәрте өзгерді.  500-ге жуық жанның қолтаңбасы қалыпты. Талай тағдыр тақырыпқа арқау болыпты. Талабы барларды жетектеп, жарыққа шығарып, дарыны барларды даралап жұртқа жария еткенін де көрдік. Бұл «басылымсыз олар танылмас еді» дегенді білдірмейді. Керісінше,  газеттің, бұған дейін айтқанымыздай, тұлпарды тұяғынан тануы туралы әңгіме бүгін.

Уақыт тапшылығы апшыны қуыратыны болмаса, архив ақтару – өткеннің пазлын құрастырған секілді екен. Сізге – өтірік, бізге – шын. Құнды деректерге  жерден жеті қоян тапқандай қуандық. Оған куә – өзіміз.

Газеттің сондай пазлының бірі – өнер, спорт тарландарынан тұрады. Толық құрастырдық деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ, негізгілерін ұшыраттық. Олардың арасында атақты Қазбек Әшляев, Серік Нұрқазов, Берік Нұрмағамбетов сынды спортшыларымыздың жас күнінде болашағына болжау жасалған материалдар бар. Бұдан бөлек, өнер жұлдыздарының  алғашқы қадамдарына  сүйсініп, сүйінші сұрағандары да қаншама?! Өнердегі жолының бастауы туралы дүние де кем емес.

«Қазақтың ерке қызы» атанған Мақпал Жүнісованың мектепте оқып жүргенде дарынына таң қалған осы – «Орталық» екенін екінің  бірі, егіздің сыңары біле бермейді. Мұны Мақпал әпкеміздің өзі де жиі еске алады. Одан кейінде де «Гүлдер» ансамблінде жүргенде  тағы жариялады «Орталық». Ол – Мақпал Жүнісованың эстрадамен қатар, халық әндеріне ден қоя бастаған кезі. 1986 жылдың жазы. Туған жері Егіндібұлаққа келгенде газеттің меншікті тілшісі Рымбек Смағұлов ағамыз сұхбаттасыпты. Сонда ол кезең Мақпал әпкеміз талантының төлқұжаты саналған «Бір ауыз сөз» әнін домбырамен шырқай бастаған тұс екен. Ал, одан кейін бұл әннің Мақпалмен етенеге, егізге айналғанын ел ұмыта қоймайды…

«…Эстрадалық әндерді орындағаннан кейін ең бір сүйіп айтатыным халық әндері. Халық әндерінің сазы домбыраның үніне ерекше жарасады ғой. Сондықтан да, домбырамен ән айтуды жаным сүйеді. Белгілі халық ақындары мен жыраулардың термелерін жиі орындап жүрмін. Бұл бағыттағы репертуарым алдағы күндерде тағы байи түседі деп айта аламын. Ең алғаш рет ақын Кәкімбек Салықовтың «Бір ауыз сөз» деп аталатын Шәміл Әбілтаевтың әнін домбырамен орындағаным өздеріңізге мәлім шығар. Содан бері домбырамен айтып жүрмін…» депті Мақпал. «Орталық Қазақстан», 1986 жыл, 30 мамыр.

Одан кейін көзімізге оттай басылған мұрағаттағы дүние – Жақсыкелді Кемалов ағамыз туралы мақала.  Бұл да сол 1986 жылы жарияланған екен. «Өнерге құштарлық» аталады. Авторы – Оңайгүл Тұржанова.

«… Қазір ол Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих  факультетінің үшінші курсын бітіргелі отыр. Ол, әрине, әншілік жолға біржола ден қойған жоқ. Сонда да болса, әнге деген әуесқойлық,  оның шебер орындаушы бола алатындығын  айғақтағандай…

… Әнімен, сәнімен айналасындағы жұрттың алғысын алып жүрген Жасқыкелдідей жастың өнер сапары ұзақ болғай деп тілек айтады көпшілік». «Орталық Қазақстан», 1986 жыл, мамыр.

Ал, мынау құлағы қалқиған қазақтың қара домалақ баласы – айтыс ақыны Дидар Қамиев.

«Орталық Қазақстанның» алғашқы бетінен бірнеше жыл бойы түспеген сурет иесі – бүгінде дүлдүл ақын. Дидардың «Орталыққа» «келу» тарихын апайы Гүлшара Қамиқызы айтып еді. Білуімізше, Дидар айтыстан  бұрын жыр, термелетіп, небір байқауда бағын да, бабын да сынап көрген-ді. Ол кезде Дидар – мектеп оқушысы. Оны баптап жүрген апайы Гүлшара Қамиқызы екенін сол жылдарда есітетін едік. Бір сәті түскен кездесуде Гүлшара Қамиқызы Дидардың «Орталықтағы» суреті туралы  айтқан-ды. Ол былай екен. Кезекті бір бәсекеден қанжығасы майланып келе жатқан Дидар мен Гүлшара Қамиқызы «Орталыққа» ат басын бұрыпты. Баланың талантына тәнті болған сол уақыттағы Бас редактор Мағауия Сембай фотоға бастыртып алыпты.  Содан бірер жыл Дидар – газеттің бірінші бетінен түспеді. Сол біріншілікті әзірге ешкімге бермеді. Қазір  де біріншілердің қатарында. Айтыста. Оған жұрты – куә.

Бірер мақаланың, санаулы суреттің тарихы осындай. Мұндай дерек пен дәйек әлі де көп. Біз тек шетін ғана келтірдік. Қалғаны – келешектің, ертеңнің еншісінде.

Архивті ақтара берсеңіз, «Орталық» жаққан жұлдыздар жарқырай береді, жарқырай береді…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button