Жаңалықтар

«Орталықтың» оғланы

Болатбек Қауысов!

Менің Бөкіш құрдасым!

…Мен «Орталыққа» келгенде (2010 ж), ол «Қазақ спорты» газетіне «қоныс аударыпты». Екеумізді ешкім ресми таныстырған жоқ.  

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Мен Бөкішті «Орталықтың» оқырманы кезімде танығанмын. Жазған-сызғанын қалт жібермедім. Тамсанып оқыдым. Зер салып оқыдым. Тілі шұрайлы, мәнері мәйекті, стилі мүлде сирек. Майын тамызып, қанын ағызып жазады. Алақандай ақпаратының өзінде еріксіз жалт қарататын тікенекті тіркестер жүреді. Суреттемелерінде сүйкімі бөлек сүрлеу бар.

Әй, бір кездесіп, кең отырып әңгімелессем деп жүретінмін. Мен де келдім «Орталыққа». Ол да «зып беріпті». Орнын сипап қалдым.

…Бір күні кабинетіме кіріп келді.

– Ассалаумағалейкум, құрдас!

Даусы гүр ете қалғанымен, ірілігі ізетінен аңғарылды. Сыпайы жымиып, сырбаз сөйледі. Уақытым тығыз болса да, «Қашан келер екен?» деп күтіп жүрген таныс та-бейтаныс құрдасым ғой, тыңдадым. Сырластық. Мағаш ағам (Мағауия Сембай) айтатын: «Болатбектің жазуы мейіздей ғой» деп. Ауызша сөз саптасының өзінде жанға жайлы әуез бар екен. Шаншар екенін естігенмін. Құрдастығына салып, бір-екі жерде шағып та алды.

Содан кейін жиі келіп жүрді. Еркелеп келеді, бірақ, «жұмысқа қабылдасаңшы» деп, желкелеп келген кезі жоқ. Жазуды сағынып жүргенін сеземін. Бірақ, өзі отбасы жағдайына байланысты мүмкіндігі болмай жүргенін айтады. Құрметім бұрынғыдан да арта түскен.

Сөйтсем, тұғырына өзі емес, тұрмысы қонып алыпты. Қадамынан жаңылған кездері болса да, қаламынан алыстамаған екен.

…Жақында «Орталығына» оралды. «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің басшысы Қайрат Әбілда ағамыздың қамқорлығының арқасында. Өзі «Орталығын», оқырманы Болатбегін сағынып қалыпты. «Орталыққа» мәйекті сөз, дәйекті мәнер қайта оралды. Бірақ, ол оралман емес, оғлан! «Орталықтың» оғланы!

Бүгін Бөкіш қаламдасым 50 деген ер жасын ерттеп мінді! Мен «АҒА» дедім. Айы үлкен ғой.

Атам қазақ Ұлыс мейрамы қарсаңында туған төлді «Дүбіраяқ» дейді екен. Дүбірің дүниені дүрліктірсін, қаламдас дос, қадірі бөлек құрдас!

Амандығыңды Алладан тілеп, жамандығыңды көрмесек екен деп отырмыз!

Қанжығаңа қос елуді бөктеріп, оқырманыңды олжаға кенелте бер, Оғланым!

Сенің орның – Мәдидің үңгірі емес, Мәңгіліктің көш-керуені!

Сенің бақытың – Алматыда оқығаның, менің бақытым – Алматыда оқымағандығым, Болат… Неге екенін сен екеуміз ғана түсінеміз.

Туған күніңмен!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button