Бас тақырып

«Орталықты» асыға күтіп отырамын

Өз басым газет оқымасам, бірдеңе жетпей тұрады. Сүйікті басылымым «Орталық Қазақстанның» әр санын асыға күтіп отырамын. Нақтырақ айтсам, 1977 жылы институт бітіріп, инженер болып жұмысқа орналасқан сәттен осы «Орталықпен» достаса бастадым. Себебі, инженер болғандықтан, үнемі ізденісте жүріп, ғылым мен технологияны да зердеңе тоқып отыруың керек.

Суретті түсірген Е.Нарын

Газетке жазылсаң, пайдасын көрмесең, зияны жоқ. Кез келген саланың қызметкері газет-журнал оқып, көштен қалмай дамыса, несі жаман?! Мен сол жас маман кезімнен бері әлі күнге оқып, ізденуден талған емеспін.

Байқап отырсам, Арқа өңірі баспасөзінің қарашаңырағы «Ortalyq Qazaqstan» газетін үзбей оқып келе жатқаныма 47 жыл болыпты. Әр санын асыға күтетін тұрақты оқырманымын. Арасында өзімнің де жазбаларым шығып тұрады.

Аймақтың тынысы, басты жаңалықтары, ауыл мен ауыл шаруашылық мәселелері, руханият һәм өнер жаңалықтарын, тарихи дүниелерді сүйіп оқимын. Әсіресе, ауыл мен ауыл шаруашылығы, кадрлық саясат, шағын және орта бизнес, фермерлердің проблемалары тақырыбындағы мақалалары жаныма жақын.

«Ortalyq Qazaqstan» газетімен етене жақындығым 1988 жылы совхоз директоры болған жылымнан басталды. Ал, 2000 жылдан бері әкімдік қыз­метте жүргенде газетпен тығыз байланыста болдық.

Кез келген көзі ашық, көкірегі ояу адам газет-журнал оқу керек деп ойлаймын. Өйткені, жұмыстан немесе оқуда болсын, аймақта, елде не болып жатқанын біле отыру қажет.

Газетке жазылу кезінде өзім басшылық еткен үш аудан да үнемі жоғары көрсеткіш көрсетіп, «Ortalyq Qazaqstan» газеті де сол аудандардың тыныс-тіршілігіне үнемі көңіл бөліп отырды.

Газетпен тығыз байланыста болып, оның жұмысына қолдау көрсеткеннен кем болмадық. Қайта керісінше, дамыдық, өніп-өстік. Сондықтан да, аймақ тұрғындарын «Ortalyq Qazaqstan» газетіне жазылуға шақырамын.

Оның үстіне, қазір «Орталыққа» жазылу өте оңай. Ешқайда барып әуре болмайсыз. Kaspi QR-коды арқылы әп-сәтте шаруа бітеді.

Өз кезегінде «Ortalyq Qazaqstan» басылымының сындарлы сыни мақалалары ерекшеленіп, қоғамдағы түйткілді сұрақтар мен елді толғандырар тақырыптарды жүйелі қаузап, көтеріп отыратынын атап өткім келеді. Алдағы уақытта да газет ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін!

Жорға журналистердің жазары мол, тақырыптары тұщымды және оқырмандарыңыз көп болсын деп тілек білдіремін!

Ниханбай ОМАРХАНОВ,
мемлекеттік қызмет ардагері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button