“Орталықта” сайраған ізі жатыр
Қолыңыздағы басылымда қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден МҰСТАФИННІҢ қолтаңбасы қалған. Қолтаңбасы қалғанда, «Қарағанды пролетариаты» атты алғашқы қарлығаштың қанат қағуына еңбек сіңірген тұлғалардың бірі ретінде тарихта қалды. Мұны біз мақтанышпен айтамыз. Және әдеби шығармаларында өндірістің қара қазаны Қарағандыны шебер суреттеген ірі қаламгердің бірі емес, бірегейі. Биыл ғаламат жазушының туғанына 120 жыл толып отыр.
Әңгімеміздің әлқисасын жазушының «Орталықтағы» ізімен бастадық қой. Ғабиден Мұстафин өзінің естелік сөзінде «1932 жылдың ақыры, 1933 жылдың басында жергілікті ұйымдар төменнен жоғарылатып, «Қарағанды пролетариаты» газетіне жауапты хатшы етті» дейді. Жазушы басылымның бастапқы жұмысына автор-тілші ретінде араласа бастапты. Сол кездегі газет редакторы белгілі қаламгер Жұмабай Орманбаев жас жазушының қарым қабілетін жазған-сызған дүниелерінен жақсы таныса керек. Бірден жауапты лауазымға тағайындап, сенім білдіреді. Білуімізше, редактор екеуі құрдас. Ж.Орманбаев Ғабеңнің журналистік қабілетін былай бағалапты: «Ол өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын, өзгелерге талап қоя білетін маман еді. Қандай бір объектіні жазу үстінде ол оның бүге-шүгесіне дейін зерттеп, барлық фактілерін анықтап барып қана жазу үстеліне отыратын». Иә, классик жазушының өндіре жазып, өндірістік өлкенің тыныс-тіршілігін үнпараққа таспалаған тұсы осы еді. Өкінішке орай, сол кезеңдегі газет тігінділері сақтала қоймапты. Былтыр газетіміздің торқалы тойында жанжаққа сұрау салдырғанымызбен, ісіміз нәтижесіз қалды. Біз тек сол тұстағы естелік жазбаларға сүйеніп, сөз қозғап отырмыз.
«Орталықтың» шежірешілері Аман Жанғожин мен Ермағамбет Лұқпанов 2011 жылы «Қыранды қанаттандырған ұя» деген тақырыппен танымды мақала жариялаған. Мақала өзегі – қаламгердің біздің басылыммен шығармашылық байланысы. Жарты жылдай қызмет еткен соң Сібірде «Қызыл ту» газеті жарыққа шығатын болып, сол жаққа қоныс аударған. Авторлар мақала түйінінде: «Егер Ғабекең сол кезде «Қарағанды пролетариатында» қызмет істемесе, оның Новосибирскіге жаңадан ашылған басылымға баруы мүмкін бе еді дейсің. Әлде ол Қарағандының іргетасын қалаушылар қатарында жүріп, аласапыран заманда қаланың, республиканың ірі баспасөз басшысы болып кетер ме еді?! Қалай демейік, Қарағандыны, «Қарағанды пролетариаты» газетін Ғабағанның жаңа белестерге көтерілуіне себеп болған бір баспалдақ деп ұғамыз, әрі оны қыранды қанаттандырған ұя деп білеміз» дейді.
Иә, біз тоқсан жылдық тарихы бар редакцияны қарашаңырақ дейміз. Сол абыз басылымның көш бастауында мүйізі қарағайдай болған Ғабекеңнің ізі қалған. Қарашаңырақ сонысымен қасиетті, сонысымен абыройлы…
Жазушы «Орталық Қазақстанға» арналған «Сексеннің сеңгір биігінен» атты құттықтау мақаласында «Бірақ, байқасам, өлеңнен гөрі қарасөзге ыңғайым бар сияқты. Сөйтіп, қара сөзге қалам тарта бастадым» деген тұсы бар. Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сынды қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің назарына іліккен кезеңі екен. Әзірге айтайын дегеніміз, біздің басылым кемел жазушының келешекке баспалдағы болғанында…
Әйгілі жазушының 120 жылдығына арналған мақала шымылдығын әрине, әуелі «Орталықпен» байланыстырдық. Қаламгер жайлы ой тастап, ортаға салар естелігіңіз болса, таспалауға дайынбыз. Өйткені, қазаққа ортақ тұлға…
Иә, өзім Ғабеңнің оймақтай ойларын, қара сөз иірімдерін түртіп алып жүремін. Нағыз қара сөзбен қысқа қайырудың шебері. Мақаланы ғаламат жазушының 1-2 сөзімен түйіндейін.
«Шешендік – көп сөзділікте емес, тапқырлықта».
«Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой. Ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғарғы қасиеті».
Қасымхан ҒАЛЫМ.