Орталық саябақта трансляцияланды
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Астана қаласындағы «Қазақ елі» монументі жанында өткен әскери парадты Қарағанды қаласының тұрғындары мен қонақтары орталық саябақта орнатылған LED-экраннан тамашалады. Оған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, әскерилер, азаматтық сала қызметкерлері қатысты. Одан бөлек, ашық көрсетілімге оқушылар мен студенттер де өз Отанының әскери қуатын көріп, патриоттық рухты сезініп қайтты.
Әскери парадта сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі орасан зор екенін атап өтті.
– Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз!– деді.
Мемлекеттік Гимн шырқалып, Мемлекеттік Ту мен Жеңіс Туы желбіреді. Сап түзеген жауынгерлерге Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Жеңіс күнімен құттықтау сөзін арнады. Парадты генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарды.
Әскери шеру үш бөлімнен тұрды: тарихи кезең, қазіргі әскери техника мен құрам, сондай-ақ әуе күштерінің көрсетілімі. Барлығы 5000-нан астам әскери қызметші, 300-ге жуық техника, 66 ұшақ пен тікұшақ тартылды.
300 музыканттан құралған оркестр марш әуенімен сап түзеп өтті. Бас дирижер – Дархан Рахымғалиев. Шерудің соңында «Егемен Қазақстан» әні патриоттық нотада шырқалды.
Парадқа 105 соғыс ардагері қатысты. Олардың қатарында қарағандылық ардагер – Григорий Степенко, сондай-ақ, Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сынды Халық Қаһармандары да болды.
Жәлел ШАЛҚАР