Орталық референдум комиссиясының төрағасы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді
Төраға аймақтың алдағы 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумға дайындығын тексерді. Сапар аясында ОРК-ның төрағасы Нұрлан Әбдіров Қарағанды қаласының №41, №42 референдум учаскелерінде болып, дауыс беруге дайындық барысымен танысты. Дауыс беру құпиясын қамтамасыз ету, сайлаушыларды ағымдағы науқан туралы хабардар ету, дауыс берушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау және мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударды.

– Қарағанды қаласындағы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясында №41, №42 референдум учаскелері орналасқан. Қазіргі таңда шақыру қағаздары толтырылып, участоктерге таратылуда. Бүгінгі таңда барлық учаскедегі комиссия мүшелері оқыту жұмыстарынан өтті. Сайлау комиссияның құрамында 9 адам бар. 41 участокке – 2679, 42 участокке – 2430 адам келіп, дауыс береді. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтары жөнінде жұмысты бастап кеттік. Ақпараттық стенді алдын-ала ілінді, – деді №41, №42 референдум учаскелерінің төрағасы Қымбат Оспанова.
Айта кеткен жөн, өңір бойынша 651 референдум комиссиясы жұмыс істейді, олардың құрамында 4 415 адам бар. Облыс бойынша барлығы 757 671 сайлаушы тіркелген, оның 5159-ы мүмкіндігі шектеулі адамдар. Олар үшін дауыс беруге барлық жағдай жасалатын болады.

Бүгінде тұрғындарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы ақпараттандыру ұйымдастырылды, арнайы онлайн-сервистер іске қосылды. 19 call-орталық ашылып, 109 қызмет жұмыс істейді.
Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz



