«Орталық» – өмірлік сырласым
Қаңтардың 7-ші жұлдызында шыққан «Орталықтың» №1 (22 886) жаңа санын алып, шаттық-қуанышқа бөлендім. Сүйікті газетім жаңа форматта шығыпты. Қазақ халқы қандай жақсылық болсын «Құтты болсын!» деген тілекті бірінші айтады. Газетіміз құтты болып, іші маңызды да мазмұнды дүниелерге толсын!
Қуануымның бірінші себебі, газет 90 жылдыққа адымдай аяқ басыпты, белсене бет алыпты. 90 жыл – ғасырға тақау ғұмыр! Осы жылдар аралығында аймақтың ажарына, көпшіліктің асыға күтетін, сүйсіне оқитын өрелі де өміршең басылымына айналды.
Мен, «Орталықтың» 1952 жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Оқи жүріп өз ойпікірімді білдірерлік қаламгерге айналдым. Баспа бетіндегі жарияланған материалдар оқырманның білімін биіктетіп, ой-санасын кеңейтіп, көкірегін ашып, көзқарасын қалыптастырар, жанын жадыратар рухани азық екендігі ақиқат.
Осы жылдар аралығында «Орталығымыз» қаншама ұлыларды ұлықтап, жайсаңдарды жариялап, аймақ пен жаһан жаңалықтарымен таныстырып, өркенді өзгерістерден хабар берді десеңізші?! Ана тілінде айшықтай жазатын, ұлтымыздың тағдырын, ұрпағымыздың болашағын ойлап қаймықпай сөйлетін қаншама ғаламат журналистер қызмет етпеді бұл ортада?! Қаншама әйдік азаматтар өздерінің ой-түйіндерін ұсынып, басылымға шыққан шығармаларына қуанып, жадырап шықпады бұл шаңырақтан?!
Қуануымның екінші себебі, нөмірдегі оң өзгерістер. Шекесіндегі «Тоқсан жыл топта толғаған» кілт сөзі қандай жарасымды?! Газеттің формасының ықшамдалуы да заман талабына сай екен. «Бүгінгі сөз», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Отыз жылға – отыз репортаж», «Көзқарас», «Менің «Орталығым», «Журналист мамандығын ауыстырады» сынды жаңа айдарлар мен «Стадион», «Шамшырақ» сияқты арнайы беттер оқырманның олжасы екені белгілі. Сондықтан да, аймақтың ажарына айналған сүйікті газетіме толағай табыстар тілеймін!
Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,
ардагер ұстаз,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.