«Орталық» өңірлік қолбасшылығында батальон командирлеріне арналған оқу-әдістемелік жиын өтті
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығында батальон командирлеріне арналған оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Аталған іс-шара әскери басқару сапасын арттыру, командирлердің кәсіби даярлығын жетілдіру және тәжірибе алмасу мақсатында өткізілді.

Жиынға өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдерден 10 батальон командирі қатысты. Бағдарлама аясында қатысушыларға жауынгерлік дайындықты ұйымдастыру, жеке құраммен жұмыс жүргізу, тәртіп пен құқықтық тәрбие мәселелері бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізілді.

Сонымен қатар, командирлер заманауи басқару тәсілдерімен танысып, бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталған өзекті тақырыптарды талқылады. Тәжірибелік сабақтар барысында нақты жағдайлар үлгісінде шешім қабылдау дағдылары пысықталды.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, алдағы қызмет барысында тиімді қолдануға болатын жаңа әдіс-тәсілдерді меңгерді. Мұндай оқу-әдістемелік жиындар әскери бөлімдердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, командирлердің кәсіби деңгейін арттыруға оң ықпал етеді.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі



