«Орталық» өңірлік қолбасшылығында жас офицерлер кәсіби даярлығын жетілдірді
Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығында 2024 жылғы Ұлттық ұлан Академиясының түлектерімен оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жас офицерлердің кәсіби даярлығын жетілдіру, олардың алған білімдері мен дағдыларын әскери қызмет барысында тиімді қолдануына жағдай жасау.

Жиын барысында өңірлік қолбасшылықтың тәжірибелі офицерлері мен бөлім командирлері жас офицерлерге қызметтің негізгі бағыттары бойынша дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар өткізді. Әскери тәртіпті сақтау, жеке құраммен жұмыс жүргізу, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану сияқты маңызды тақырыптар қарастырылды.
Сонымен қатар, оқу-әдістемелік жиында ұлттық ұландағы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс, жауынгерлік дайындықтың заманауи әдістері, басқарушылық қабілеттерді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Жас офицерлерге алдағы қызмет жолында кездесетін жауапты міндеттерді тиімді орындау үшін практикалық ұсыныстар берілді.
Жиын аясында жас офицерлер Қарағанды облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихынан сыр шертетін «Қарлаг» музейіне де барды. Болашақ командирлер мұнда еліміздің қиын кезеңдеріндегі тарихи деректермен танысып, сол жылдардың қасіреті мен тәуелсіздіктің құндылығын терең сезінді. Бұл экскурсия олардың бойында елге адал қызмет ету, Отанды қорғау мен тарихты қастерлеу жауапкершілігін арттыра түсті.
Осы жиын – жаңа буын офицерлерінің әскери ортаға бейімделуіне, командирлік қабілеттерін шыңдауына және ұжыммен бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға зор ықпалын тигізбек.
Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы осындай шараларды дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Бұл – жас офицерлерді тәрбиелеу мен олардың кәсіби деңгейін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ баспасөз қызметі