Жаңалықтар

Орталық газ экологияны оңалтады

Маңызды мәселенің бірі – тұрғын үйлерді орталық газбен жабдықтау. Бүгінде үйлерді көмірден газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде айтылды.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

– Былтыр Қарағанды және Теміртау қалаларында үшінші іске қосу кешендерінің газ тарату желілерін салу жұмыстары аяқталды. Елдімекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, экологиядағы ластануды азайтады. Отын сатып алуда қаражат үнемдейді. Өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал ететін табиғи газды пайдалану маңызды. Өңірде абоненттерді газбен жабдықтау жүйелеріне қосуға қатысты жеке тұлғалар үшін техникалық шарттар берілуі тиіс, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Бүгінде тарату желілері арқылы 9 589 жеке тұрғын үйге газ (Қарағанды – 6 076, Теміртау – 3 513) жеткізілді.
2023 жылы өңірде орталық газбен жабдықтауға 300 үй, 2024 жылы 206 үй қосылған. Бұл бағдарлама тұрғындарға ай сайынғы төлемі 10-нан 17 мың теңгеге дейін 5 жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге, үйлерді газға пайызсыз қосуға мүмкіндік берді. Тұрғындардың басым көпшілігі экологиялық жағдайды жақсартудағы көмірден газға ауыстыру мәселесіне байыппен қарады. Бүгінгі таңда абоненттерді газбен жабдықтау жүйелеріне қосуға қатысты жеке тұлғалар үшін 6 401 техникалық шарт берілген.

– 5 058 үй газбен жабдықтауға қосылған. Тариф 2023 жылғы қаңтарда 1 текше метр үшін қайта бекітілді. Қосылған құн салығымен – 37,6 теңге, онсыз 33,5 теңгені құрап отыр, – деді облыстың энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Биыл Қарағандыда 4, 5 және 6 іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ, Теміртау қаласы бойынша бүкіл қаланы газдандыру жобасы аяқталмақ. Шахтинск қаласында Солтүстік-Батыс кентінде төмен қысымды газ құбырын төсеу жұмыстары жалғасып, қала ішінде желілерді төсеу жұмыстары басталады.

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, орталық газ жаңа қаладағы жеке сектордың бірқатар көшелеріне, атап айтқанда, Космонавт, Пищевая, Гончарная, Кондитерская, Кирпичная, Балқаш, Четская, Рахымов және тағы да басқа көшелерге тартылады.

Сонымен қатар, ескі әуежай ауданында Қ.Шектібаев, Ғ.Құлқыбаев, Х.Қабжанов көшелері газдандырылады.

– Қарағанды қаласын газдандыру жобасы 4 кезекті және 16 іске қосу кешенін қамтиды. Бұл бізге қала орталығында экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Мейрам Кожухов.

– Теміртау қаласында 2020 жылдан бастап, «Теміртау» АГТС-тен «Сары-Арқа» магистральдық газ құбырынан газ тарату желілерін салу жобасы іске асырылуда. Қаланың газбен жабдықтау жүйесі сегіз іске қосу кешенін қамтитын үш кезекке бөлінген. Жобада барлығы 6 357 үйді газдандыру көзделген. Бүгінде 3 513-і газға қол жеткізе алады. «QazaqGaz Aimaq» АҚ 2 066 техникалық шартты берді. Оның ішінде 1 561 үй орталықтандырылған газбен жабдықтауға қосылған, – деді қала әкімі Ғалым Әшімов.

Аймақ басшысы өңірді одан әрі газдандыру қарқынын арттыру үшін тапсырма берді.

– Тұтынушылардың газға қосылуына мүмкіндік беретін техникалық шарттарды жалғастыру керек. Құжаттарды ресімдеу жүйесін жетілдіру қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button