АймақСаран

Орталық қазандық құрылысы аяқталды

Қылышын сүйретіп, қыс жақындап келеді. Облыс аумағында қысқа дайындық қызу. Саран қаласындағы орталық қазандықтың құрылысы да аяқталды. Биыл аталған жаңа жылу көзі шамамен қаланың 80 пайызын жылумен қамтуы тиіс. Жаңартылған қазандықты іске қосудың бірінші кезеңі облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өтті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аймақ басшысына жылыту маусымына дайындық жұмысы мен ықтимал қауіп-қатердің алдын алу шаралары туралы айтылды.

– Орталық қазандықтың жобасы ұзаққа созылып кетті. Магистральдық желілер 10 жылдан астам уақыт бойы жер астында болды. Бүгінде олардың барлығы техникалық тексеруден өткен. Ақауы бар тұстары табылды. Құбырлар қысқа уақыт ішінде жаңасына ауыстырылып жатыр. Қазір жұмыс 70% аяқталды. Жергілікті қазандықтар штаттан тыс жағдайда қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін резервте тұрады, – дейді Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов.

Жаңа қазандық энергияны үнемдейтін төмен температуралы қайнайтын қабат технология­сымен салынған. Бұл көмірдің кез келген түрін пайдалануға және отынды үнемдеуге мүмкіндік береді, тарифке оң әсер етеді. Еліміз бойынша мұндай екі қазандық бар. Екеуі де Қарағанды облысында. Бірі – Шаханда, екіншісі – Саранда.

– Бүгін бірінші қазандықты іске қостық. Автоматикасының, жылу техникасының, энергетика мен химиялық су тазартуының қалай жұмыс істейтінін байқаймыз. Бұл жылу маусымы кезінде қауіп-қатерді болдырмау үшін ауадай қажет. Әзірге толық циклге жете алмаймыз. Өйткені, ауа райы әлі жылы. Ауа температурасы минус 6-8 градусты көрсеткенде орталық тарату пункттеріне жылу беріледі. Сол жерден ол үйлерге таралады. Суды тазарту үшін химреагенттер сатып алдық, енді көмір аламыз, – деді «Сарантеплосервис» ЖШС бас директоры Асылбек Төкенов.

Бүгінде төрт қазандық орнатылған, олардың әрқайсысы сағатына 30 Гкал өндіреді. Әзірге екі қазандық жұмыс істейді. Десе де, оған қарамастан, барлық жабдықты іске қосу және жөндеу жұмыстары мен сынақтары өте береді.

Сонымен қатар, қазандықтың аумағында қалдықтарды тастау­ға арналған полигон салынды. Экологияны күту, ауаны ластамау жағы да ойластырылған. Сондай-ақ, мұнда зиянды заттарды тұндыратын заманауи газ құбырлары да бар.

Тағы бір айта кетерлігі, жаңа қазандыққа қажетті жұмыс күші де қарастырылған. Атап айтсақ, мұнда ауысым бойынша 70 адам жұмыс істемек.

Саран қаласында орталық қазандықты іске қосумен қатар, бір мезгілде резерв үшін қолда бар 21 жергілікті қазандық дайындалатынын да атап өткен жөн. Оларда дайындықтың толық циклі жүргізілмек. Нақтырақ айтсақ, желілерді жуу, көмір сатып алу және басқа да жұмыстар.

Одан бөлек, тұрғын үй инспекциясының мамандары тұрғындардың үйлеріндегі құбырларды тексеру үшін үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Дерекке сүйенсек, биыл орталықтандырылған жылытуға 255 тұрғын үй мен әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық нысан қосылады. Пеш жағатын Саранның екі шағын ауданына жылу жергілікті қазандықтардан берілетінін білген жөн. Бұл үйлерге орталықтандырылған жылыту келесі жылы орамішілік және үйішілік коммуникациялар толық орнатылғаннан кейін жіберіледі деп жоспарланып отыр.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button