АймақАқтоғайБас тақырыпБасты тақырып

Ортадересінде жаңа медициналық пункт ашылды

Ақтоғай ауданына қарасыты Ортадересін ауылдық округінде тұрғындар үшін аса маңызды әлеуметтік нысан – жаңа медициналық пункт өз жұмысын бастады. Ауыл халқы үшін қуанышты жаңалыққа айналған нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов арнайы қатысып, жергілікті жұртшылықты құттықтады.

 Аудан әкімі өз сөзінде өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әсіресе ауылдық жерлердегі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

– Халықтың денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан, шалғай ауылдарда да сапалы медициналық қызметке қолжетімділік болуы тиіс, – деді Абылай Аманжолов.

Мамандардың мәлімдеуінше, бұған дейін Ортадересін ауылында медициналық қызмет көрсететін жеке ғимарат болмаған. Ауылда бүгінде 270 адам тұрады, оның ішінде 70 бала мен бірқатар егде жастағы тұрғындар бар. Сонымен қатар, 20-ға жуық тұрғын диспансерлік есепте тұр. Ақтоғай аудан орталығынан 245 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл үшін бұл медициналық пункттің маңызы ерекше.

Жаңа нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып, оған 135 миллион теңге қаржы бөлінген. Заманауи талаптарға сай бой көтерген медициналық пункт алты бөлмеден тұрады. Мұнда қабылдау бөлмесі, процедуралық кабинет, физиотерапия кабинеті, дәрі-дәрмек сақтайтын қойма, дезинфекциялық кабинет, акушерлік кабинет, сондай-ақ ас үй қарастырылған. Науқастардың демалып, ем қабылдауына барлық жағдай жасалған.

Медициналық пунктке жас маман жұмысқа қабылданып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылға білікті кадр тартылып отыр. Қаңтар айынан бастап мұнда қосымша қызметкерлер қабылданып, нәтижесінде 4 жаңа жұмыс орны ашылады.

Суреттер автордан

Айта кетейік, жаңа медициналық пункттің ашылуы – Ортадересін ауылы үшін үлкен жетістік. Бұл нысан ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуға мүмкіндік беріп, елді мекеннің әлеуметтік дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button